Дәулет Кәрібек делегация мүшелеріне партия жұмысының басым бағыттарын таныстырды
Астанада «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Түркияның Әділет және даму партиясы («AK Parti») төрағасының орынбасары Кюршад Зорлу бастаған делегациямен кездесті. Кездесу барысында тараптар партияаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселесін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларға ерекше назар аударып, партия оны жүйелі жүзеге асыру ісіне белсенді атсалысатынын мәлімдеді. Бүгінде партияаралық байланыстар мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың маңызды құрамдас бөлігіне айналып, екі елдің тұрақты дамуына сенімді серпін беруде. «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас жыл санап нығайып келе жатқанын жеткізді. Бұл – ең алдымен, мемлекеттер басшыларының саяси ерік-жігерінің нақты нәтижесі.
Пікір алмасу барысында тараптар екіжақты қатынастардың қарқынына көңіл толатынын жеткізіп, ынтымақтастық туралы меморандумды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Еске сала кетейік, биыл қыркүйек айында «AMANAT» пен «AK Parti» партияаралық байланыстарды одан әрі нығайту мақсатында аталған құжатқа қол қойды.