«Өз араларында келіспейді де»: Тоқаев үкіметтегі «жүрдім-бардым» жұмысты доғаруды тапсырды

Автор: Бақыт Шынар

Президенттің айтуынша, жоспарлар мен жобаларды өзара келісе отырып жасаған дұрыс

Фото: Ақорда

Бүгін Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында сөз сөйлеген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ведомстволар түрлі жоспарлар мен жол карталарын бір-бірімен келіспей жасайтынын айтып, оны сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәселен, президент өз пікірін су тиімділігін арттырып, ирригациялық желілерді жаңғырту керек дегеннен басталады.

«Су қоймаларының шамамен 60 пайызы ауыл шаруашылығы еншісінде. Аграрлық салада суды тиімді пайдалану, сайып келгенде, елдегі бүкіл су экожүйесінің тұрақтылығына әсер ететін факторға айналып отыр. Агросекторда заманауи су үнемдеу технологиялары енгізіліп, суды көп қажет ететін дақылдар алқабы азайтылуда. Бұл үлкен жұмыстың басы ғана. Сарапшылардың есебінше, алдағы үш жылда су үнемдеуші технологиялар кемінде бір миллион гектарды қамтитын деңгейге жетеді», - деді Тоқаев.

Бірақ, президент айтқандай, цифрлық шешімдерді енгізу және жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңін қатаң бақылауға алу арқылы су инфрақұрылымын жаңғыртуды жеделдеткен жөн. Су шаруашылығын жаңғырту бойынша жұмыс жеткілікті, алайда бұл ауыл шаруашылығы саласын дамыту жоспарымен өзара байланысты болуға тиіс.

«Біздің ведомстволар түрлі жоспарлар мен жол карталарын әзірлеумен әуестеніп кетті. Тіпті, оның көбі өз араларында келісілмейді, жүрдім-бардым жасалады. Мұндайды доғару керек. Мемлекет жұмсаған әр тиынның қайтарымы болуға тиіс. Бұл даусыз. Қаржыны заманауи су пайдалану технологияларын белсенді қолданатын өңірлерге беру қажет. Сондықтан Ауыл шаруашылығы өндірісінің өңірлік жоспары Үкімет әзірлеп жатқан Су ресурстарын басқару жөніндегі бас жоспарына енгізілуге тиіс», - деді Тоқаев.