Тараптар сот төрелігінің сапасын арттыруға қатысты пікір алмасты
Қазақстан Жоғарғы Сотының Төрағасы Асламбек Мерғалиев Венгрияның Жоғарғы соты – Курияның Төрағасы Андрас Варгидің шақыруымен Будапештке ресми сапармен барды. Делегация құрамында Шымкент қалалық сотының төрағасы Әділхан Шайхисламов та болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Кездесу барысында тараптар сот жүйелерінің қызметі мен құрылымын талқылап, сот реформалары саласындағы тәжірибемен алмасты. Венгрияның сот жүйесінде заңнаманы біркелкі қолдануға бағытталған қаулылар әзірлеу тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Бұл тәсіл Қазақстанның сот жүйесін жетілдіру ісінде де маңызды рөл атқара алады.
Асламбек Мерғалиев Венгрия сот қауымдастығы алдында сөйлеген сөзінде еліміздегі сот реформасының негізгі бағыттарын таныстырды. Ол сот төрелігінің сапасын арттыру, кассациялық қадағалауды дамыту, соттардың тәуелсіздігін нығайту және сот ісін жүргізуді цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Төраға әкімшілік істер бойынша шешімдердің жартысынан көбі азаматтардың пайдасына шығарылатынын атап өтіп, бұл сот жүйесіне деген сенімнің артқанын көрсетті.
Сапар аясында қазақстандық делегация Будапешт өңірлік апелляциялық соты мен Венгрияның Сот төрелігі академиясының қызметімен танысты. Сондай-ақ Венгрияның Бас прокуроры Балинт Надьпен кездесіп, соттар мен прокуратура органдарының өзара іс-қимылы мәселелерін талқылады.
Сапар қорытындысында тараптар сот органдары арасындағы кәсіби диалогты жалғастыру және ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендерін білдірді.