Тоқаев Люксембургтің жаңа Ұлы Герцогы Гийомға жеделхат жолдады
Қазақстан Люксембургпен арадағы достыққа, өзара құрметке негізделген ұзақ мерзімді серіктестікті жоғары бағалайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Люксембургтің жаңа Ұлы Герцогы Гийомды таққа отыруымен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
«Қазақстан Люксембургпен арадағы достыққа, өзара құрметке негізделген ұзақ мерзімді серіктестікті жоғары бағалайды. Сізбен осы нәтижелі ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, халықтарымыздың игілігі жолында екіжақты ықпалдастықтың тың мүмкіндіктеріне жол ашатынымызға сенімдімін», – делінген жеделхатта.
Сондай-ақ Президент Жоғары Мәртебелі Король Анридің Ұлы Герцог ретінде атқарған жауапты мемлекеттік қызметін аяқтауына байланысты ілтипат білдіріп, тілектестігін жеткізді.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың 3 қазанында Люксембургтің 70 жастағы Ұлы Герцогы Анри ресми түрде тақтан бас тартты. Салтанатты рәсімге Нидерланд пен Бельгиядан келген корольдік қонақтар қатысты.
Осыдан кейін оның 43 жастағы тұңғыш ұлы, мұрагер ханзада Гийом Люксембург парламентінде ресми түрде ант беріп, елдің жетінші монархы атанды. Нассау-Вейльбург әулеті елді 1890 жылдан бері басқарып келе жатыр.