Сауатты жоспар, табанды еңбектің арқасында жоба мерзімінен екі жыл бұрын аяқталды – Желдібай
Президенттің баспасөз хатшысы «Достық – Мойынты» теміржол магистралінің екіншісі желісі туралы ақпарат берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Руслан Желдібай «Достық – Мойынты» теміржол магистралінің екіншісі желісіне қатысты ақпарат берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, бірер минут бұрын Тоқаев Ақордада «Достық – Мойынты» теміржол магистралінің екіншісі желісін іске қосқан еді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде аталған бағыт бойынша көлік қатынасының басталуын тарихи оқиға деп бағалады. Шын мәнінде, стратегиялық жобаның сәтті жүзеге асуы ел экономикасына зор серпін береді. Қазақстан Еуразиядағы маңызды көлік-транзит хабы ретіндегі позициясын нығайта түседі. Жаңа жол Қазақстанның Қытай мен Еуропа арасында теміржолмен жүк тасымалдаудағы жетекші рөлін күшейтеді», - деп жазды Желдібай.
Оның айтуынша, енді экспорттық тауар жеткізу мерзімі айтарлықтай қысқарады. Сондай-ақ, «Достық – Алашаңқай» шекара өткелі арқылы жүк тасымалының көлемі бес есе өседі. Аталған бағыт бір тәулікте өткізе алатын пойыздар саны 12-ден 60 жұпқа дейін ұлғаяды. Контейнермен жүк тасымалының жылдамдығы тәулігіне 1500 шақырымға дейін артады.
«Айта кету керек, жоба ел экономикасына қосымша мультипликативті тұрғыдан әсер етеді. Құрылыс барысында отандық зауыттардан 113 мың тоннадан астам рельс пен 1,6 миллион темір-бетон шпал сатып алынды. Қызметтер мен тауарлардың қазақстандық үлесі 85 пайызға жетті. Ауқымды жобаға 1500-ден аса арнаулы құрылыс техникасы, 3 мың жұмысшы жұмылдырылып, шағын және орта бизнестің 7 мың өкілі атсалысты. Сауатты жоспарлау мен құрылысшылардың табанды еңбегінің арқасында теміржол желісі белгіленген мерзімінен екі жыл бұрын аяқталды», - дейді ол.
Айта кетейік, қазір Бақты – Аягөз, Мойынты – Қызылжар, Алтынкөл – Жетіген жобалары салынып жатыр. Сондай-ақ ел аумағында үш мың шақырымға жуық теміржол жөнделеді деген жоспар бар.