Президент тиісті органдарға тапсырма берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасы бағытындағы жұмыс бір ведомствоның немесе саланың аясында шектеліп қалмауға тиіс екенін ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөз сөйлеген Тоқаев ядролық энергетиканың негізін қалау – ауқымды жалпыұлттық міндет екенін айтқан.
Алайда, президент атап өткендей, атом генерациясы ең таза қуат көздерінің бірі саналатынына қарамастан, АЭС құрылысында барлық экологиялық норманы сақтау – басты талап болып қалмақ.
«Ғылыми және қоғамдық ұйымдармен конструктивті ықпалдастықты жолға қою маңызды. Азаматтарымыздың белгілі бір бөлігінде радиофобия бар. Одан арылу үшін кешенді түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Атом жобаларын жүзеге асыру барысында жергілікті бизнестің мүддесін ескеріп, отандық үлестің деңгейін барынша қамтамасыз ету керек. Кәсіпорындарымызда аталған саланың жоғары стандарттарына сай өнім шығару үшін ғалымдардың, инженерлер мен өнеркәсіп мамандарының күш-жігерін жұмылдырған жөн. Ядролық энергетика кең бейінді кәсіптік техникалық мамандар даярлауға тың серпін береді. Біз техникалық білім беру саласы дамыған цифрлық державаға айналуымыз керек. Бұл – ұлттық болмысымызға қатысты өте маңызды мәселе. Осы бағыттағы жұмыс үздіксіз жалғаса береді. Ахмет Байтұрсынов «Ғылым мен өнер артқан сайын бейнет кеми түседі» деген. Ғылыми жетістіктерді барлық салада жаппай пайдалану қажет. Ғылымсыз ештеңе де берекелі болмайды. Бұл анық нәрсе. Ал білім болмаса, қараңғылық пен надандық белең алады. Сондықтан қоғамда ғылым-білім культін орнықтыру қажет. Лайықты ғалымдарды, әсіресе, жас мамандарды қосымша қаржыландыру керек», – деді Тоқаев.