Президент Абай облысында АЭС салу перспективасын сөз етті

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы ол бүгін мәлім етті

Фото: istockphoto.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында АЭС салу перспективасын ескере отырып, Курчатовтағы ғылыми қалашықтың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент қазір жер қойнауын игерушілер өз табысының бір пайызын ғылымды дамытуға бөліп жатқанына мән берді. Тоқаевтың айтуынша, бұл салық емес,  оны еліміздің технологиялық әлеуетін арттыруға үлес қосу деп түсінген жөн. Үкімет осы қаражаттың бір орталықтан үнемді, тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз етуге тиіс.

«Атом саласын зерттейтін ғылыми қалашықтар құруға ерекше назар аудару қажет. Алматыдағы Ядролық физика институтының базасында көп мақсатты зерттеу реакторын салу мүмкіндігін қарастырған жөн. Жалпы, институттың әлеуеті жоғары. Еліміздің жаңа ғылыми қалашығын осы мекеменің негізінде құруға болады. Сонымен қатар мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктерін ескеріп, құны бірнеше миллиард тұратын жобаларға шашылмаған дұрыс. Бұл осыған ұқсас басқа да жобаларға қатысты. Абай облысында АЭС салу перспективасын ескере отырып, Курчатовтағы ғылыми қалашықтың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу қажет. Аталған жұмысқа Ғылым академиясы, облыс әкімдігі және Ұлттық ядролық орталық атсалысқаны жөн. Онда инженерлік және өндірістік нысандарды орналастыру үшін жағдай жасау керек. Сонымен қатар ядролық инфрақұрылымды нығайту үшін мемлекет-жекеменшік серіктестігінің тиімді тетіктерін әзірлеу міндеті тұр», – деді президент.

Бұған дейін ол Үкімет бірінші АЭС құрылысына қатысты Ресеймен келіссөз жүргізген кезде, ел мүддесін ескеруі керек деген еді.