Былтыр оның ашылғанына 70 жыл толған
Әлем бойынша өндіріске алғаш рет энергия жолдаған атом электр станциясы 1954 жылы 26 маусымда іске қосылды. Бұл оқиға бейбіт атом дәуірінің басталуына жол ашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ресейдің Калуга облысына қарасты Обнинск қаласы атом энергиясының отаны саналады. Станция қуаты небәрі 5 000 кВт болса да, ол ядролық энергетиканың дамуында маңызды рөл атқарды. Бұл бүкіл қаланы жарықтандыруға жетпегенімен, жаңа технологияның өміршеңдігін дәлелдеді.
Реактор уран отынымен жұмыс істеді және графитпен бәсеңдеп, су жылу тасығыш ретінде пайдаланылды.
АЭС алғашқы бес жыл электр энергиясын өндірген, кейін ғылыми сынақтар алаңына айналды. Оның базасында суасты қайықтарына арналған реакторлар, ғарыштық энергетикалық қондырғылар, медицинадағы ядролық технологиялар жасалды.
2002 жылдың қыркүйегінде реактордан соңғы отын алынды. Осыдан кейін қондырғы түпкілікті тоқтату режиміне көшті. Қабылданған тұжырымдамаға сәйкес, оның реакторын кезең-кезеңімен пайдаланудан шығару және ұзақ уақыт бақылауда ұстады.
2008 жылдың маусымында регламенттік жұмыстар жүргізілген соң «бейбіт атом» реакторы ядролық қауіпсіз күйге келді және Ресейдегі ядролық қауіпті нысандар тізімінен шықты.
АЭС-ті пайдалану тарихында реактордан 1,5–4,5 шақырым қашықтықта орналасқан қала мен айналадағы аумақ табиғи радиациялық деңгейден жоғары ластанбаған.
Қазір мұнда жыл сайын мыңдаған турист, студент және шетелдік делегациялар келеді. Мәскеудегі атом апталығы аясында Қазақстаннан барған журналистер де музейдің жұмысымен танысты.
2024 жылы алғашқы АЭС-тің іске қосылғанына 70 жыл толды. Осыған орай музей кешені жаңарған:
Келушілер қазір реактордың «Симфония Пуска» мультимедиялық шоуына қатысып, АЭС іске қосылу процесін көруге мүмкіндік алады.
АЭС 48 жыл тұрақты жұмыс істеп тұрған. Биыл оның ашылғанына 71 жыл толды. Алғашқы АЭС ашылған Обнинск қаласы Ресейдің алғашқы ғылыми қаласы атағына ие.
Бүгінде қалада 12-ден астам ғылыми-зерттеу және өндірістік кәсіпорын жұмыс істейді.
Олардың ішінде Лейпунский атындағы Физика-энергетикалық институты ерекше орын алады. Дәл осы мекеме Обнинскінің қалыптасуы мен дамуына негіз болған.
Сонымен қатар қалада ауыл шаруашылығы метеорологиясы және гидрометеорология институты, медициналық радиологиялық ғылыми орталық, сейсмологиялық обсерватория, сондай-ақ Чернобыль апатының салдарын зерттеу жөніндегі халықаралық орталық орналасқан.
2000 жылы Обнинск ресми түрде Ресейдің алғашқы ғылыми қаласы мәртебесін алды.
Росатомның техникалық академиясы бүгінде атом энергетикасы саласында мамандарды оқытатын хабқа айналған. Халықаралық кәсіби қауымдастықтармен байланыс жетекшісі Михаил Федоров ұйым «Росатом» мемлекеттік корпорациясының білім беру және ғылыми-әдістемелік орталығы екенін айтты.
«Академия атом энергиясын қауіпсіз пайдалану, бақылау, мемлекеттік қауіпсіздік, операциялық және қолдау процестерін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ұйым құрамында «Росатом» мемлекеттік корпорациясының ядролық нысандар мен материалдарды қорғауға арналған оқу-әдістемелік антитеррористік орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық халықаралық оқу-әдістемелік мәртебеге ие және ТМД елдері мен өзге де мүдделі мемлекеттердің мамандарын даярлаумен айналысады. Дайындық салаларына ядролық қондырғылардың есебі мен бақылауы, физикалық қорғау жүйелері, ядролық материалдар (ЯМ) мен радиоактивті заттарды (РЗ) анықтау, ядролық криминалистика кіреді»,- дейді Федоров.
Оның айтуынша, техникалық академияда 24 мыңға жуық салалық тыңдаушы білім алды.
«Ұйым шетелдік АЭС персоналын даярлау бөлігінде «Росатом» мемлекеттік корпорациясының технологиялық интеграторы. Қазіргі уақытта Бангладеш, Түркия, Мысыр, Венгрияда салынып жатқан атом станцияларының мамандары Обнинск, Нововоронеж, Санкт-Петербург және Сосновой Бор қалаларындағы техникалық академия алаңдарында білім алып жатыр. Бүгінгі таңда Росатом техникалық академиясы ядролық энергетика, физикалық ядролық қауіпсіздік, ядролық ғылым және энергетикалық емес қолданбалар, шағын модульдік реакторлар, ядролық медицина және радиофармацевтика сияқты бес салада кадрлар даярлау саласында атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен ынтымақтасатын әлемдегі жалғыз орталық. 2010 жылдан бастап МАГАТЭ халықаралық оқыту іс-шараларына әлемнің 95 елінен 4000-нан астам тыңдаушы қатысты»,- дейді ол.
Ядролық нысандар ерекше қауіпсіздікті талап ететіндіктен, ол ұйымдарды қорғау мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылады. АЭС-ке кіретін көліктердің барлығы қауіпсіздік талаптары бойынша тыңғылықты тексеріледі.
Ал атом станциясының жұмысын бақылап, басқаратын сараптамалық орталық модельдеу жұмысын атқарады. Орталық мамандардың айтуынша, орталық үш санаттан тұрады.
Алғаш АЭС іске қосылған Обнинскке қала мәртебесі 1956 жылы беріледі. 2023 жылғы ресми мәлімет бойынша қалада 129 мыңнан астам адам тұрады. Халық саны жыл өткен сайын тұрақты өсіп келеді, себебі қала ғылым мен өндірістік орталық ретінде жаңа мамандарды тартады.