Президент Қазақстандағы саяси реформалар жөнінде айтты

Автор: Алмас Ерсін

Ол жалпыұлттық референдум арқылы Президентті жеті жылға бір мерзімге сайлайтын норма енгізілгенін атап өтті

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-ші сессиясының Жалпы дебатында сөйлеген сөзінде еліміздегі саяси реформалар жөнінде мәлімет берді , деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

«Жаһанда тұрақсыздық белең алған кезеңде Әділетті Қазақстан құруды көздеген жаңғыру саясатын батыл жүргізіп жатырмыз. Соңғы үш жылда біздің аймақта бұрын-соңды болмаған саяси және экономикалық реформалар жасалды», - деп атап өтті президент.

Ол жалпыұлттық референдум арқылы Президентті жеті жылға бір мерзімге сайлайтын норма енгізілгенін атап өтті.

«Бұл демократия қағидаттарына сай есептілікті күшейтеді. Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын ұстанамыз.Қазақстанды жаңғырту ұстанымын басшылыққа ала отырып, елімізде бір палаталы Парламент құру мәселесін жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсындым», - деп толықтырды мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, бұл реформалардың басты қағидасы – заң және тәртіп бәрінен жоғары тұруы керек.

«Біз парасаттылыққа және заң үстемдігіне арқа сүйейтін басқару жүйесі ғана қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді деп санаймыз», - деді Тоқаев.

Бұл халықаралық инвестицияларға, сауда байланысына және елдің қарқынды дамуына оңтайлы жағдай жасайды.