Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің атауы қазан айында белгілі болады

Автор: Бақыт Шынар

Бір күннен кейін АЭС-ке ат қоятын конкурс басталады

Фото: istockphoto.com

Бір күннен кейін, яғни, 25 қыркүйек күні Қазақстанда алғашқы атом электр станциясына үздік атау беру жөніндегі жалпыұлттық конкурс басталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 

Дереккөзге сүйенсек, бүгін комиссияның алғашқы отырысы өткен. Айта кетейік, комиссия құрамына қоғам өкілдері, креативті индустрия мамандары, сондай-ақ атом энергетикасы, филология және тарих саласындағы сарапшылар кірген. Жалпы, конкурс ережесіне сай, қазақстандықтар eGov Mobile қосымшасы арқылы АЭС-ке өз атауларын ұсына алады. Конкурс мына сатыларда өтеді:

  • 25 қыркүйек – конкурс басталады
  • 25 қыркүйектен 10 қазанға дейін – eGov Mobile қосымшасы арқылы ұсыныстар қабылданады
  • 11–20 қазан аралығы – келіп түскен ұсыныстар талданады
  • қазан айының соңына дейін АЭС-тің үздік атауы таңдалады

«АЭС-ке үздік атау беру жөніндегі жалпыұлттық конкурстың ережелері Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің ресми сайтында және Телеграм арнасында жарияланады. Конкурс ашық әрі айқын өтеді. Әрбір азамат АЭС-ке өз атауын ұсына алады, ал комиссияның қорытынды шешімі қазан айының соңына қарай белгілі болады», - деп хабарлаған агенттік.