Қасым-Жомарт Тоқаев екі ірі компанияның басшылығымен кездесу өткізді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Goldman Sachs Global Institute компаниясының жаһандық мәселелер бойынша президенті Джаред Коэнмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық Goldman Sachs жетекші инвестициялық банкінің Қазақстан Ұлттық банкімен ұзақ мерзімді серіктестік орнатқанын атап өтіп, ықпалдастық деңгейіне жоғары баға берді.
«Мемлекет басшысының айтуынша, толық цифрлық мемлекетке айналуды көздейтін Қазақстан жасанды интеллект, қаржы экожүйесін цифрландыру салаларындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытады», - деп жазылған хабарламада.
Ал Джаред Коэн Goldman Sachs Digital Asset Platform цифрлық қаржы тұғырнамасының тәжірибесіне тоқталды.
Сондай-ақ Тоқаев Educational Testing Service (ETS) компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Амит Севакты қабылдады. Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы ETS компаниясының білімді тестілеу мен бағалау саласында көш бастап келе жатқанына ерекше назар аударды.
Президенттің айтуынша, Қазақстан компанияның білім беру жүйесіндегі тәжірибесін зерделеу мен пайдалануға қызығушылық танытады. Амит Севак Мемлекет басшысына компанияның халықаралық жұмыс жоспары туралы мәлімет берді.
Ұйым жылына әлемнің 180 еліне 50 миллионнан аса тест әзірлейді әрі әкімшілендіреді, сондай-ақ ұлттық білім беру жүйесіне арналған бейіндік шешімдерді ұсынады.