Тоқаев Нью-Йорктегі жұмыс сапарын канадалық компанияның басшысымен кездесуден бастады

Автор: Алмас Ерсін

Президент Cameco «Қазатомөнеркәсіптің» бұрыннан келе жатқан сенімді серіктесі екенін атап өтті

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жұмыс сапары басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорданың мәліметінше президент БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 80-ші сессиясы аясындағы Жалпы дебатта сөз сөйлейді.

Тоқаев бірқатар мемлекет басшыларымен және халықаралық ұйым жетекшілерімен келіссөз жүргізуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ сапар аясында трансұлттық компаниялардың өкілдерімен екіжақты және «дөңгелек үстел» форматында кездесулер ұйымдастырылып, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен таныстырылады.

«Президенттің Нью-Йорк қаласындағы жұмыс сапары канадалық трансұлттық компанияның басшысымен кездесуден басталды. Жүздесуде уран өндіру саласындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды», - деп жазылған хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаев Cameco «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрыннан келе жатқан сенімді серіктесі екенін атап өтті. Елімізде қызмет ете бастағаннан бері аталған компания 500 миллион доллардан астам инвестиция құйған әрі технологиялар трансфертіне ықпал еткен.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан энергетиканы дамытудың жаңа кезеңіне өтіп, алдағы уақытта үш атом электр стансасын салуды көздеп отыр. Еліміз атом саласында қолданылатын инновациялық тәсілдерге қызығушылық танытады.

Тим Гитцель президентке «Инкай» бірлескен кәсіпорнының қазіргі қызметі мен жоспарлары жөнінде ақпарат берді. Бұл компания Түркістан облысында орналасқан кен орнын ширек ғасырдан бері игеріп келеді.