Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөніндегі дінаралық комиссия құруды ұсынды

Автор: Бақыт Шынар

Оның айтуынша, комиссия этикалық нормаларды сақтаудың маңызын арттырады

Фото: Ақорда

Бүгін Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінде сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөніндегі дінаралық комиссия құруды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президенттің айтуынша, жасанды интеллект, үлкен дерекқор, биоинженерия және басқа да революциялық жаңашылдықтар адамның тұрмыс-тіршілігін түбегейлі өзгерткен.

«Бірақ этикалық нормалар технологиялық прогрестің қарқынына ілесе алмай жатыр. Таңдау құқығы мен жеке өмірдің құпиялығын қорғау, цифрлық теңдікті және жасанды интеллектіні пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді көптеген дилемма салдарынан жаңа сын-қатерлер туындады. Дін көшбасшылары адамгершілік құндылықтар мен асқақ мұраттардың сақшысы ретінде адамзаттың цифрлық келешегі туралы пікірталасқа атсалысуы керек деп ойлаймын. Кез келген технология адам игілігіне қызмет етуге тиіс. Ол үшін дін көшбасшыларының, ғалымдар мен технократ-инженерлердің тұрақты диалогын ұйымдастыру қажет. Жасанды интеллект еліміздің қарқынды дамуына жол ашады. Әйтсе де этикалық нормаларды сақтаудың маңызын жақсы түсінеміз. Сондықтан бұл бағытта кеңінен ынтымақтастық орнатуға әзірміз. Жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөніндегі дінаралық комиссия құруды ұсынамын. Ол нейрожелілер мен басқа да серпінді технологияларды жауапкершілікпен пайдаланудың әмбебап қағидаттарын әзірлеумен айналысады. Бұл жерде «алгоритмдерге арналған қағидалар» жинағын әзірлеу туралы сөз болып отыр. Онда адамның қадір-қасиетін құрметтеу, дискриминацияға жол бермеу, аса маңызды шешімдерді бақылауда ұстау мәселелері ескерілуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.