Бір палаталы парламент кезінде партиялық жүйе күшейеді дейді мәжілісмен
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев президенттің елімізде бір палаталы парламент құру туралы бастамасы саяси жүйеге нақты қандай өзгерістер алып келетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ең алдымен, саяси жүйе жаңадан трансформацияланады. Шешімдер тез қабылданады. Екінші палатаның келісімін күтіп отыру, екінші палата арқылы Үкіметтің кейбір қисынсыз сұрауларын өткізіп жіберу деген сияқты түсініктер қалыптаспайды. Одан қалса бір палаталы жүйе дегеніміз унитарлы мемлекеттерге тиесілі басқару формасы ғой. Ал Қазақстан – унитарлы мемоекет. Сол себепті осы да іске асады», - дейді Бейсенбаев.
Депутаттың пікірінше, бір палаталы парламент кезінде партиялық жүйе күшейеді.
«Партия мемлекеттік биліктің, жалпы саяси биліктің мызғымас институтына айналады. Енді праймериздер, пікірталастар алдымен партияның ішінде өтеді. Міне осындай керемет маңызды жаңалықтар бар. Енді қандай да болсын шешім қабылданатын болса, оған тікелей жауапты бір палаталы парламент болады. Яғни депутаттар жауапкершілікті бөлу мүмкіндігінен бұдан былай қағылады», - деп түсіндірді ол.
Естеріңізге салайық, 8 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізде бір палаталы парламент құру бастамасын көтерді. Президент бұл идеяны талқылауға бір жыл уақыт берді. Түпкілікті шешім референдум арқылы қабылдануы мүмкін.