Ұлттық ұлан Әзербайжанның қоғамдық тәртіпке қатысты тәжірибесімен танысты (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Ресми делегациясы Бакуге барып, бірқатар мәселелерді талқылады

Фото: Ұлттық ұлан

Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков бастаған делегация ресми сапармен Әзербайжанға барып, тәжірибе алмасты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлттық ұланның мәліметіне сүйенсек, сапар аясында Аңсаған Балтабеков  Әзербайжан Республикасының Ішкі істер министрі генерал-полковник Вилаят Эйвазовпен кездескен.

«Тараптар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету саласында ынтымақтастықты нығайту және кеңейту мәселелерін талқылады. Бұдан бөлек, Қазақстаннан барған делегация Әзербайжан ІІМ ішкі әскерлерінің, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі Бас басқармаларының қызметімен танысқан», - деп хабарлайды Ұлттық ұлан.

Дереккөзге сүйенсек, Аңсаған Балтабеков қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында тәжірибе алмасу мәселесін атап өткен. Ал, Әзербайжан ішкі әскерлерінің қолбасшысы генерал-лейтенант Шахин Мамедов қызметтік-жауынгерлік іс-қимылдарды жетілдіру мақсатында қазақстандық тараппен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдірген.

«Сонымен қатар, делегация Баку қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін әскери бөлімнің қызметімен танысты», - деп хабарлайды Ұлттық ұлан.