Тоқаев Израильдің Қатар астанасындағы әскери акциясын айыптады

Автор: Алмас Ерсін

Қазақстан президентінің айтуынша Израильдің Дохадағы әрекеті халықаралық құқықты бұзады

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар астанасы Дохада Израиль билігі жасаған әскери акцияны айыптады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

«Қандай мақсатты көздесе де, мұндай әрекетке жол беруге болмайды. Бұл Қатар мемлекетінің егемендік құқығын бұзады және халықаралық құқық қағидаттарына қайшы келеді», - деп жазылған хабарламада.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша Израиль бүгін Катардың астанасы Дохадағы «Хамас» ұйымының штабына соққы жасады. Израиль қарулы күштері палестиналық топтың жоғары лауазымды шенеуніктерін нысанаға алған.