Қала өзінің тарихи-географиялық орнына сай шекаралық ынтымақтастықтың тірегіне айналып отыр
Петропавл қаласы – бүгінде тек Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы ғана емес, Еуразия кеңістігіндегі іскерлік, мәдени және ғылыми ынтымақтастықтың дәнекері болып отыр. Географиялық орналасуы оны Ресейдің Омбы, Түмен, Қорған және Челябі облыстарымен әріптес етсе, соңғы жылдардағы белсенді қадамдар бұл байланыстарды жаңа биіктерге көтеріп келеді. Петропавлдың өңіраралық байланыстары Қазақстанның сыртқы саясаты мен аймақтық ынтымақтастығындағы маңызды буын болып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Петропавлдың ең жақын стратегиялық серіктестерінің бірі – Ресейдің Омбы облысы. Бұл өңірмен арадағы байланыстар ғасырлар бойы қалыптасқан көршілік және туыстық қатынастарға негізделген. Омбы облысымен орнаған бауырластық қарым-қатынас – екі ел арасындағы сенімді серіктестіктің көрінісі. Қазіргі таңда екі өңір арасында экономика, ғылым, білім және мәдениет салаларында келісімдер мен меморандумдар жасалып, нақты жобалар жүзеге асып жатыр.
Омбы қаласында орналасқан «Синергия» университетінің филиалында кәсіпкерлерді даярлау – соның айғағы. Сонымен қатар, тұрақты түрде екі жақты делегациялар алмасып, «Астана – СҚО» бизнес-форумдары өткізіледі. Өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешеніндегі тәжірибе бөлісу де жемісті жалғасып келеді.
2025 жылдан бастап Петропавл мен Омбы қалаларына бауырлас қала мәртебесін беру жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл бастама – шекаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, халық арасындағы достықты одан әрі бекемдей түспек.
Солтүстік Қазақстан облысы тек Омбымен ғана емес, Түмен, Қорған және Челябі облыстарымен де берік әріптестік орнатқан. Агроөнеркәсіп, өнеркәсіп және білім беру саласында өңірлер арасында бірқатар келісімдерге қол қойылған.
Мәселен, «AVAGRO» ЖШС 10 жылдан астам уақыт бойы Омбы облысына ауыл шаруашылығы техникасын жеткізіп келеді. Бұл – көрші аймақтар арасындағы өндірістік кооперацияның айқын мысалы.
Петропавл қаласы ресейлік бауырлас қалаларымен белсенді өзара әрекеттесіп, үнемі бизнес-миссиялар ұйымдастырады, форумдарға қатысады. Мұның барлығы шекаралық ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, басқару тәжірибесін жетілдіруге және жаңа инвестициялар тартуға жол ашады.
Петропавл халықаралық деңгейдегі инвесторлар үшін тартымды қалаға айналып келеді. 2024 жылдың ақпанында мұнда «Qyzyljar Investment Forum» ұйымдастырылып, Қазақстан, Ресей, Қытай, Италия, Түркия және Балтық елдерінің компаниялары қатысқан. Форум қорытындысы бойынша жалпы құны 230-284 миллион АҚШ долларын құрайтын 14 инвестициялық меморандумға қол қойылды.
Соңғы үш жылда Солтүстік Қазақстан облысына «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы арқылы шетелдіr компаниялардың қатысумен 15 жаңа кәсіпорын құрылды. Олардың ішінде Италияның Prosol компаниясы (мал азығына арналған ашытқы өндірісі), Түркияның YDA Holding (аурухана құрылысы), Германияның Reimann зауыты (ауыл шаруашылығы техникасына арналған тіркемелер мен құрал-жабдықтар өндірісі), сондай-ақ Ресейдің және Қытайдың түрлі өндірістік жобалары бар.
Қалада донаттар (пончиктер) шығаратын Хлебпром/Бейкертон зауыты, Ресей мен Германияның бірлескен жобасы – Kazkran зауыты ашылған. Ол көпірлі, козловой және мұнаралы крандар сияқты ауыр жүктерді көтеруге және тасымалдауға арналған өнеркәсіптік жабдықтарды шығарады. Сонымен қатар экспортқа арналған мотоциклдерді құрастыратын «Урал» зауыты (Ресей), фанера мен ағаш жоңқалы плиталарды өндіретін Nord Panels (Түркия) және «Kaztehmash» құрылыс техникасы зауыты жобалары іске асып жатыр. Мұндай жобалар Петропавлды Орталық Азиядағы маңызды индустриялық хабқа айналдырады.
CLAAS және Sampo құрастыру өндірісі – неміс пен фин техникасы арнайы экономикалық аймақта құрастырылуда. Пайдалы қазбалардан жасалған жұқа қабырғалы болат конструкцияларды өндіретін (ресейлік инвестор, Липецк) зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Оның қуаттылығы – жылына 4 000 тоннаға дейін.
Арматуралы бетон құбырларды өндіретін кәсіпорында (ресейлік компания) вибропресс технологиясы қолданылады, осындай кәсіпорындар Мәскеу облысында жұмыс істейді.
Бұған қоса, жеңіл машина жасау және орау жобасы – ресейлік және қытайлық инвесторлармен икемді орау және полиграфиялық бояулар өндірісі бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
TFA GROUP керамикалық кірпіш зауыты – қазақстандық инвестордың жобасы, ол Петропавлдағы «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы аясында жүзеге асырылып жатқан өндіріс орны. Бұл зауыттың басты мақсаты – құрылыс саласына арналған заманауи керамикалық кірпіштерді шығару. Керамикалық кірпіш Қазақстанда тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен өнеркәсіптік ғимараттар құрылысына көп қолданылады. Сондықтан бұл зауыт өңірдің құрылыс материалдары нарығын жергілікті өніммен қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған.
«Qyzyljar» АЭА – инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалған стратегиялық алаң. Оның аумағы 160 гектарды қамтиды және инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген. Мұнда коммуникациялар, жолдар, электрмен жабдықтау жүйелері дайын, ал бұрынғы өнеркәсіп ғимараттары жаңа жобалар үшін қайта жаңғыртылған.
АЭА резиденттеріне ерекше салық жеңілдіктері ұсынылады: корпоративтік табыс салығы, жер және мүлік салығы, ҚҚС нөлдік деңгейде белгіленген. Импорттық жабдықтар мен шикізат бажсыз әкелінеді. Сонымен қатар, құрылыс пен жабдыққа жұмсалған шығындардың 30 пайызына дейін мемлекет тарапынан субсидия қарастырылған. Бұл – инвесторлар үшін үлкен ынталандыру.
Сыртқы байланыстар тек экономикамен шектелмейді. Петропавлдың ірі жоғары оқу орны – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті Қытайдың Шэньси провинциясындағы жетекші университеттермен тығыз әріптестік орнатқан. Агробиотехнология саласында бірлескен зерттеулер жүргізіліп, қос дипломдық бағдарламалар іске асып жатыр.
Студенттер мен ғалымдар алмасуы халықаралық тәжірибені арттырып, жас буынға жаңа мүмкіндіктер береді. Қазіргі таңда университет студенттерінің шамамен 5 пайызын шетелдіктер құрайды, бұл – 345 адамға жуық. Сондай-ақ шетелдік мамандар оқытушылар құрамының 2 пайызын қамтиды.
Петропавл тек өндірістік әлеуетімен ғана емес, мәдени байланыстарымен де ерекшеленеді. Қалада ресейлік, түркиялық, италиялық және қытайлық делегациялар жиі бас қосады, мәдени форумдар, өнер көрмелері, ғылыми конференциялар ұйымдастырылады. Мұндай шаралар халықтар арасындағы достықты нығайтып, өзара түсіністікті арттыра түседі.
Петропавл қаласы бүгінде Қазақстанның өңіраралық және халықаралық байланыстарындағы маңызды орталықтардың біріне айналды. Географиялық орны, тарихи дәстүрі, экономикалық әлеуеті және мәдени көпқырлылығы бұл қаланы шын мәнінде шекараларды жалғаушы алтын көпір етіп отыр.
Омбыдан басталған ынтымақтастық Еуропадан Қытайға дейінгі кеңістікті қамтып, жаңа инвестициялар мен инновацияларға жол ашты. Бұл – тек Петропавлдың емес, бүкіл Қазақстанның өркендеуіне үлес қосатын стратегиялық қадам.