Ол Ата заңның ел дамуы мен қоғам бірлігіндегі рөліне тоқталды
Қазақстан Республикасы Мәжілісінің төрағасы Конституция күнімен ел азаматтарын құттықтап, Ата заңның ел дамуы мен қоғам бірлігіндегі рөліне тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс төрағасының айтуынша, Ата заң Қазақстан мемлекеттілігінің өзегін айқындап, елдіктің тұғырына айналды.
Биыл Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толып отыр.
«Онда халқымыздың сан ғасырлық дәстүрі мен арман-аңсары, заманауи әлемдік озық құқықтық нормалар нақты көрініс тапқан. Осы жылдар ішінде Конституция еліміздің саяси және құқықтық жүйесінің негізін қалап, қоғамның берік қағидаттарын бекітті», – делінген құттықтауда.
Төраға Конституцияға енгізілген түбегейлі түзетулердің маңызын ерекше атап өтті.
«Заң үстемдік еткен жерде әділет салтанат құратыны анық. Ендеше, Конституциямыз заң мен тәртіптің қанат жаюына барынша ықпал етіп, ұлтымызды ұлы мұраттарға бастай берсін», – деді Мәжіліс төрағасы.
Ол барша қазақстандықтарға шаттық, береке-бірлік және бейбіт өмір тіледі.