Сондай-ақ қытай тарапы Астанада қоқыс өртейтін зауыт салады
Бүгін премьер-министр Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастық мәселелері бойынша кеңес өткізген екен. Кеңес барысында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Қытай мен Қазақстан бірнеше стратегиялық келісімге қол қойғанын мәлімдеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, қазақ-қытай серіктестігінің арқасында Астанада LRT салынып бітеді, сондай-ақ логистикалық парк пайда болады.
«Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Қытай серіктестерімен арада бірнеше стратегиялық келісімге қол қойылғанын хабарлады. Ол жобалар арасында LRT, құны $150 млн болатын логистикалық парк құрылысы, Huawei компаниясының 10G желісі мен құны $1,3 млрд-ты құрайтын су құбырының құрылысы бар», - деп хабарлайды үкімет.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Қазақстан мен Қытай LRT құрылыс жобасы бойынша пайдалануға беру, күтіп ұстау жөніндегі меморандумға қол қойған екен. LRT биыл күзде, қыркүйек айында сынақ режимінде жүреді. Қазір Қазақстанның 150 адамы Қытайда кәсіби білім алып жатыр.
Бұлардан бөлек, Қытай Астанада құны $60 млн болатын Soho Holding қонақүй кешені мен құны $230 млн болатын «Shenzhen Energy» атты қоқыс өртеу зауытын салады.