Ол президент өкілеттілігі бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектелетінін еске салды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумында Қазақстандағы саяси реформаларға тоқталып, өзінің қандай қызмет атқарып жүргенін айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.
Тоқаевтың айтуынша, соңғы бірнеше жылда Қазақстанда ауқымды экономикалық және институционалдық реформалар өткен.
«Біздің мақсатымыз айқын – барынша әртараптандырылған, инклюзивті және келешекке бағдарланған экономика құру. Экономикалық өсім орнықты болумен қатар, оның игілігі әр азаматқа әділ бөлінуге тиіс», - деді Тоқаев.
«Елімізді түбегейлі жаңғыртып, Әділетті Қазақстанның негізін қалау үшін мемлекеттілікті нығайтуға көп күш-жігер жұмсап жатырмыз. Жалпыұлттық референдум арқылы Конституциямызға өзгеріс енгізіліп, басты билік институттарына реформа жасалды. Біз суперпрезиденттік жүйеден бас тарттық. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын басшылыққа алатын, тежеу мен тепе-теңдік жүйесі бар президенттік республика жолын таңдадық. Бұл тұжырым Қазақстандағы саяси жүйенің ерекшеліктеріне мейлінше лайықты модель екеніне кәміл сенемін», - деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазір Қазақстанда президент өкілеттілігі бір рет және 7 жылға сайланады.
«Мұндай шешім бұрын-соңды қабылданбаған. Менің ойымша, бұл қадам еліміздің саяси жүйесін нығайтуға, экономикасын дамытуға және өркениетті қоғам құруға негіз болады», - деді Тоқаев.