«Үкіметпен күні бойы айтыстық»: Айдос Сарым жаңа Салық кодексі қандай қиындықпен қабылданғанын айтты
Осы Салық кодексінде рационализм басым дейді депутат

Жуырда Мәжіліс қоғамда қызу пікірталас туғызған жаңа Салық кодексін қабылдап, Сенатқа жолдады. Салық кодексін талқылау барысында әсіресе «AMANAT» партиясының фракциясы жетекші рөл атқарды. Фракция депутаттары ерекше белсенділік танытып, құжаттың негізгі бағыттары мен мазмұнын қалыптастыруда айтарлықтай үлес қосты. Депутаттар осы құжатқа түскен бес мыңға жуық ұсыныс пен өтінішті жан-жақты саралап, әр тараптың ой-пікірін ескеріп сүзгіден өткізген. Жалпы Парламент қабырғасында мұндай қызу талқы бұрын-соңды болмаған дейді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым. Келешекте әрбір қазақстандықтың өміріне әсер ететін Салық кодексі қалай қабылданғанын, көпшілік біле бермейтін нюанстар мен кілтипандар туралы толығырақ Azattyq Rýhy материалынан оқыңыз.
Салық кодексінің идеологиясы – ел қазынасын толтыру
Мәжілісмен Айдос Сарымның айтуынша, жаңа Салық кодексінде кезінде көптеген салаға берілген жеңілдіктер мен преференциялар қайта қаралып, салықтар мен жеңілдіктердің саны қысқарған.
«Салық кодексінің идеологиясы, ең алдымен, бұл бюджетті толтыру. Айналып келгенде бюджет дегеніміз барша азаматтың тыныс-тіршілігіне қатысты дүние. Бюджеттің дұрыс толғаны – жолдардың сапалы салынғаны, мектептердің жеткілікті болғаны, зейнетақы мен жалақының уақытылы төленуі деген сияқты көптеген әлеуметтік мәселені шешеді. Сондықтан мұны жекелеген емес, әрбір Қазақстан азаматының бақуаттылығына, тыныс-тіршілігіне қатысы бар үлкен құжат деп есептеймін. Сөзсіз, осы кодексті талқылау кезінде үлкен дау болды. Біз 28 тамыз күні құжатты қолымызға алдық, содан бері осы Салық кодексіне екінші оқылымға қабылданғанға дейін 5 мыңға жуық ұсыныс пен өтініш келіп түсті. Мен білсем мұндай тарихта болмаған дүние. Шынымен де дәл осындай дау туғызған заң есімде жоқ. Үлкен еңбекпен, үлкен даумен, күніне алты-жеті сағат отырып қараған, шынымен есте қалатын құжат болды», - дейді ол.
Құжаттың идеологиясын жете түсініп, әрбір саланың анық-қанығына терең бойлау үшін Үкімет депутаттардың өтінішімен жұмыс тобының мүшелеріне сегіз мәрте арнайы семинар өткізген. Осы сегіз семинардан тыс жұмыс тобының 55 отырысы өткен. Айдос Сарымның айтуынша, депутаттар Үкімет мүшелерімен бірге соңғы екі айда күніне екі реттен, тіпті сенбі-жексенбі күндері де жиналып отырған.
«Салық кодексі осындай үлкен дау-дамаймен, айтыс-тартыспен келді. Күні бойы айтысқан кездеріміз де, ұрсысқан жағдайлар да болды, бірақ негізінен Үкіметтің де, депутаттардың да көптеген ұсыныстары қабылданды. Экономиканың әр бағыты бойынша дау туғызған мәселелер өте көп болды. Депутаттардың негізгі ойы бюджет саласын толтыру болатын. Осы салада көптеген жеңілдікті алып тастау керек деген ойлар да айтылды. Бірақ тек қана тыйым салумен, бұғаттап тастаумен мәселе шешіле бермейді. Қарапайым мысал – темекі. Былай қарасаңыз, темекі шегу-шекпеу әр адамның өз таңдауы. Бірақ осы темекі шегетіндер көбірек ақша төлесін, ал темекі өндіретіндер көбірек салық төлесін деген пікірлер айтылды. Мәселе мынада, қазір электронды темекі үлкен индустрияға айналып жатыр. Соны өндіретін ірі компаниялар «біз Қазақстанға 100 млн доллар ақша салып, бүкіл Орта Азия, Қытай, Моңғолия, Үндістанға дейін өнім шығаратын, тауардың 80-90 пайызы сол нарыққа шығатын зауыт салайық. Бізге ең болмағанда 5-10 жылдық жеңілдік беріңіздерші» деп отыр. Міне оған келісу керек. Өйткені біздің екі облыста зауыт ашылады, көптеген жұмыс орны құрылады, болашақта ол акциздер мен салықтар Қазақстанға келеді. Сондықтан, меніңше, болашақта осындай ұсыныстар келген кезде экономикалық тұрғыдан қарау керек», - дейді депутат.
Айдос Сарымның айтуынша, салық төлеген кезде де, салықты жинаған кезде де өте рационалды, түсінікті пайымдарға негізделіп шешім қабылдаған абзал.
«Менің ойымша, осы Салық кодексінде осындай рационализм басым. Егер жақсы ниетпен экономикамызды ойрандап, бар жұмыс орындарынан айырылып қалсақ, ол кімге тиімді? Жүздеген, мыңдаған адамның көшеде сенделіп жүргенінен гөрі, тұрақты жұмыс істеп, әлеуметтік аударымдары мен салығын төлеп, адал еңбектеніп жүргені жақсы ғой», - дейді ол.
Бизнесті бөлшектеуге тосқауыл қойылған
Жаңа Салық кодексіне президент қол қойып, күшіне енгеннен кейін кәсіпкерлер салықтан жалтару үшін бизнесін бірнеше жеке кәсіпкерлікке бөліп, бөлшектей алмайды. Осы күнге дейін бизнесмендер қолданыстағы заңнаманың кемшін тұсын пайдаланып, салықты аз төлеп келген. Енді депутаттар осы олқылықты жойып отыр.
«Жалпы салық саясатының бүкіл әлем таныған үлкен қағидаты бар: салық төлеу салық төлемеуден арзан болуы керек. Салық төлемедің бе, көзіңе көк шыбын үймелейді. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, елімізде бір компания салығын азайту үшін 160 компания құрып тастаған. Яғни бизнесін бөлшектеген. Алысқа бармай-ақ, көпқабатты үйдің астындағы азық-түлік дүкенін алайық. Кіріп қарасаңыз, сатушының алдында екі-үш терминал жатады. Егер сен салығыңды бір жерден төлеп жатсаң, саған үш банктің не керегі бар? Олар айтады «біз тұтынушыларымыз үшін ыңғайлы болсын деп қойдық» дейді. Бірақ шындап келгенде бұл да салықты азайтудың бір жолы. Мысалы, дүкендер үшін жеңілдік бар. Күніне тапқан ақшаң 27 мың теңгеден аспаса, сонда сен жеңілдікпен ИП дәрежесімен жүресің. Біздегі салық органдарының дерегіне сүйенсек, елімізде бизнестің 52 пайызы ғана салығын жасырмай толығымен төлеп жүр екен. Ал қалғандары осындай жүйеде отыр, яғни 48 пайызы салығын дұрыс төлемейді. Көлеңкелі бизнестің үлесі – 28 пайыз. Біздер енді-енді осы кілтипандардың жолдарын тауып жатырмыз», - дейді Сарым.
Айтуынша, Мәжілістің он бес депутаты Үкіметке қазынаны 22 триллион теңгеге толтыруға мүмкіндік беретін ұсыныстар берген. Алайда Үкімет қарсы аргументтерін келтіріп, есеп-қисабын жасаған соң, депутаттар мен шенеуніктер ортақ мәмілеге келген.
«Үкіметке қапаланғаным да, ыза болғаным да осы мәселе. Бізге түсіндіре алған дүниені халыққа да қарапайым тілмен түсіндіру керек қой. Сонда ел ішінде бәрі ұрланып-жырланып жатыр деген сияқты алып-қашпа әңгіме болмайды. Бизнес те, қарапайым халық та осындай дүниелерді білуі керек», - дейді ол.
Елге кіріп-шыққан тауардың есебі түгел, бірақ...
Салық кодексінің ең түйткілді тұсы – салықтық әкімшілендіру. Жаңа құжатта бұл мәселе де түбегейлі өзгерістерге ұшырап, қайта жазылған. Айдос Сарымның айтуынша, Қазақстанда жалпы салықтық бақылау жаман емес, цифрландыру жағынан кеден және салық жүйесі алғашқы орында тұр. Деректер базасы интеграцияланған, шетелден келген дүниенің бәрі көрініп тұрады. Алайда кей жағдайда көрші елдермен кедендік статистикада қайшылықтар кездесіп жатады. Депутат мұның себебін былай түсіндірді.
«Өткенде Қытаймен Қазақстан арасында кедендік қайшылықтар туралы әңгіме жүрді. Бүкіл баспасөз шулап, Қаржы министрлігін жерден алып, жерге салдық. Олардың айтқан пікіріне ешкім құлақ та асқан жоқ. Бірақ, шындап зерттеген кезде бүкіл қайшылықтың бәрі орны-орнына келе қалды. Жаңағы қайшылық неден туындайды? Бізде «Қорғас» халықаралық орталығы бар. Ол жерден КамАЗбен өткендер өз тауарларын бекітеді, пломбасы бар, оның ішіне не кірді, не қалды, бәрі көрініп отырады. Сосын бұл жерде мынадай дүниені де ескеру керек. Біз Еуразиялық одақтың мүшесіміз, ал Қытай ешқандай одақта жоқ. Ол мысалы Қазақстанның шекарасынан 20 КамАЗ өтті деп көрсетеді. Ал бірақ 20 КамАЗ-дың бесеуі Қазақстанда қалатын тауар болып, қалғаны Қырғызстанға, Ресейге өтуі мүмкін. Осы жерде бірінші қайшылық бар, өйткені біз өзімізге қажетті дүниені ғана аламыз және Еуразиялық одақтың ішіндегі бүкіл кеден процесінің белгілі бір пайызы біздікі ғой, сол ортақ бюджеттен ақша аламыз.
Екінші қайшылық – «Қорғас» орталығына жылына 1,5 млн қазақстандық келеді. Кейбіреулері күнде барып жүр. Оларға ешқандай ақшасыз, көп салықсыз 25 келі тауарды алып кіруге мүмкіндік беріледі. Біз есептеп қарасақ, шамамен 1,5 млрд доллардың мүлкі кіруі ықтимал. Немесе мынадай мысал келтірейін. Қырғызстанмен шекарадағы бірнеше кеден бекеттінде «помогайка» дегендер бар. Ар жағынан КамАЗ келеді, бер жағынан қырық адам екі үлкен ала сөмкемен кіреді, соны «менің жеке тауарым» деп алып кіреді. Ол да қайшылықты тудырады. Заң бойынша әрбір азаматтың белгілі сомаға дейін, белгілі бір салмаққа дейін зат алып кіруіне мүмкіндігі бар. Бірақ бәрі есепте бар дүниелер», - дейді Сарым.
Депутаттың айтуынша, Қырғызстанда электронды бақылау жүйелері әлі күнге дейін жоқ. Бұл да кеден одағында үлкен проблема туғызып отыр.
«Сосын парламенттегі әріптестерімізбен пломбалау деген мәселені көтеріп жүрміз. Мысалы, Қазақстанның шекарасына кіріп, мен Ресейге бара жатырмын деп тауарын Қазақстанға сатып кетпеуі керек. Немесе автокөлік тасымалымен айналысатын азаматтарымыздың мынадай наразылығы бар: Ресейге тауарын апарып тастайды, сосын бос келмейін деп тауар ала салады. Осылай Қазақстан азаматтарының жұмыс орындарын алып жатыр. Соны да шегендеу жөнінде қазір үлкен қадамдар жасалуда. Көрші елдерге де өздеріңізде қандай ойын ережесі бар, сол ережені бізде де сақтаңыздар деп айтып жатырмыз. Өйткені ол біздің азаматтардың нәпақасы, бизнесі», - дейді мәжілісмен.
Әр азамат салығының қайда жұмсалғанын білсе, сұрақ азаяды
Депутаттың айтуынша, Үкімет халыққа барынша ашық, жақын болып, қазынаға түскен әр тиынның есебін ұсынса, азаматтардың көкейінде де сұрақ та сейіледі.
«Салық деген құпия емес, салық деген сиқыр емес, магия емес, сан ғой. Сан болғаннан кейін ежіктеп түсіндіріп бер, кем дегенде мектептің оқушысы түсінетіндей. Әрбір сала бойынша бізге түсіндіргендей етіп айтып берсе, қоғамда сұрақ туындамас еді. Мысалы, Норвегия, Швеция секілді елдерде мынадай тәжірибе бар. Олар салық төлейтін азаматтарға жыл сайын есеп беріп тұрады. Сіз осы жылы осыншама табыс таптыңыз, осынша салық төлепсіз, енді салығыңыздың қайда жұмсалғанын айтып берейік деп жиналған ақшаның есебін ұсынады. Яғни мен көшеде келе жатқанда бір көпірдің қасынан өтіп бара жатсам, «мына көпірдің бір кірпіші менің салығымнан қаланған екен, мен сияқты көптеген азаматтың жиған-терген дүниесінің нәтижесі» деп мақтана аламын. Міне, дәл осылай есептілікті ашық жүргізу керек. Ақпарат барынша ашылған сайын, барынша түсінікті болған сайын сұрақтар азаяды», - дейді Айдос Сарым.
Мәжілісмен Сенатқа жолданған жаңа Салық кодексін «үлкен компроммистердің заңы» деп атады.