Тоқаев Рим Папасының қайтыс болуына байланысты көңіл айтты

Автор: Алмас Ерсін

Президент оның есімі әлем жұртшылығының есінде бейбітшіліктің ұлы жақтаушысы ретінде мәңгі сақталатынын атап өтті

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы Францисктің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы Францисктің қайтыс болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді. Президенттің айтуынша, Понтифик әділет пен мейірімнің, гуманизмнің ізгі мұраттарын ілгерілетуге өлшеусіз үлес қосқан аса көрнекті рухани тұлға еді.

«Мен Рим Папасымен кездесулерімді және оның 2022 жылы Қазақстанға жасаған діни төзімділіктің, бейбітшілік пен өзара түсіністіктің символына айналған Апостолдық тарихи сапарын ыстық ықыласпен еске аламын. Рим Папасы Францисктің есімі әлем жұртшылығының есінде әрқашан бейбітшіліктің ұлы жақтаушысы және конфессияаралық диалог пен келісімнің қорғаушысы ретінде мәңгі сақталады», – деп жазды Президент Х әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасында.