Ол азат етілген аймақтарға қатысты болып отыр
Әзербайжан Арменияға қарсы «Еуропаның жабайы табиғаты мен табиғи ортасын қорғау туралы» 1979 жылғы Берн конвенциясы аясында шағым түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Гаагадағы Тұрақты Арбитраж сотына берілген құжатта Арменияның Берн конвенциясы аясындағы міндеттемелерін бұзғаны туралы нақты дәлелдер көрсетілген.
Әзербайжанның азат етілген аумақтарында жүргізілген зерттеулер Армения тарапынан экологияға келтірілген үлкен зиянның дәлелдерін анықтаған. Әзербайжанның сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде Арменияның әрекеттері биоәртүрлілігі мол аймаққа орасан зиян келтіргені айтылған.
«Армения тарапынан жасалған экологиялық әрекеттер қоршаған орта мен жан-жануарларға орны толмас шығын келтірді. Әзербайжан 2023 жылдың 18 қаңтарында Арменияға осы мәселеге қатысты ресми арбитраждық талап жолдаған болатын. Ал 2024 жылдың 12 сәуірінде Гаагадағы Бейбітшілік сарайында екі ел арасындағы алғашқы ресми процедуралық тыңдау өтті», — делінген мәлімдемеде.
Әзербайжан Армениядан табиғатқа келтірілген толық шығынды өтеуді талап етіп отыр. Шағымға сәйкес, бұл шығынға жүздеген жануарлар мен өсімдіктердің тіршілік ету ортасына әсер еткен ауқымды орман кесу, экологиялық талаптарды ескермеген кен өндіру және су электр станцияларының құрылысы кіреді.
1news.az хабарлағандай, Мыңдаған гектар орманға залал келтірілген, оның ішінде жасы 2000 жылдан асқан ежелгі ағаштар бар.
Шығыстық шынар ағашы өсетін Бесітчай аңғары тәрізді ерекше экожүйелердің жойылу қаупі бар.
Охчучай өзенінде жаппай балық қырылу фактілері тіркелген. Мұның себебі — бұрын оккупацияланған аумақтардағы кен өндіру жұмыстарынан туындаған су мен топырақтың химиялық ластануы.
«Әзербайжан әділеттілікті қамтамасыз ету үшін күресін жалғастырады және Арменияны заңсыз әрекеттері үшін халықаралық жауапкершілікке тартуды талап етеді. Экологияға келтірілген зиян мен жануарлар дүниесінің жойылуына қатысты барлық фактілер толық зерттеледі», — делінген мәлімдемеде.