Мемлекет басшысы Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованы қабылдады
Қазақстан Президентіне еліміздегі коронавирус пандемиясына қарсы күрес шараларына бөлінген қаржының жұмсалуына мониторинг жүргізу жұмыстары жайында баяндалды, деп хабарлайды Ақорда.
«Есеп комитеті басшысының айтуынша, қаржы шығындарын бақылау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезекте Қаржы министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік сатып алулар мен камералық бақылауға тексеріс жүргізіледі. Екінші кезеңде Есеп комитеті еліміздің 17 өңіріне бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне ревизия жасайды»,-делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласына, Жұмыспен қамту жол картасын жүзеге асыруға, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдауға бағытталған бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруды және тексеріс нәтижелері туралы тұрақты түрде есеп беріп тұруды тапсырды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жайындағы қорытынды есебімен танысты. Есеп комитеті бірінші рет бюджеттің жиынтықталған қаржылық есебі бойынша аудит жүргізген болатын.
Кездесу қорытындысы бойынша Президент бірқатар нақты тапсырма берді.