Үкіметте жаңа министр Ант берді

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол адал қызмет етуге уәде берді

Фото: prosud.kz

Үкіметтегі жұмысына кіріскен әділет министрі Ерлан Сәрсенбаев Ант берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкіметтің бүгінгі отырысы жаңа министрдің ант қабылдауынан басталды.

«Қазақстан халқы мен президенті алдында өз Отаным – Қазақстанның экономикалық және рухани даму ісіне барлық күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс әрекетімде заңдылық пен әділеттілік, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант етемін», - деді ол.

Еске салсақ, 9 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Азамат Есқараев әділет министрі қызметінен босатылып, орнына Ерлан Сәрсенбаев тағайындалған еді.