Оңтүстік Кореяның президенті қашан тергелетіні белгілі болды

Автор: Темірхан Айжан

Егер ол тергеуге келмесе, қамалуы мүмкін

Фото: Yonhap

Оңтүстік Кореяның қызметінен шеттетілген президенті Рождество мерекесінде тергелетін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Yonhapnews агенттігіне сілтеме жасай отырып.

Әскери жағдайды енгізу туралы істі тергеп жатқан Біріккен құқық қорғау тобы президент Юн Сок Ёлге Кванчхондағы Жоғары лауазымды адамдар арасындағы сыбайлас жемқорлықты тергеу басқармасына (CIO) алдағы сәрсенбі күні тергеуге келуге шақырту жіберген.

Бұл Юн Сок Ёлдің алған алғашқы шақырту емес, егер ол тергеуге себепсіз келмейтін болса, CIO директоры президентті 48 сағатқа дейін ұстау туралы сотқа талап-арыз бермек.

Тергеу тобы бүлік пен билікті асыра пайдалану айыптары бойынша Юнға қарсы істі зерттеп жатыр.