Тоқаев әскери есепте болмаған 4,3 миллион ер адам туралы ақпаратты біліп қойды

Автор: Azattyq Rýhy

16-60 жас аралығындағы бұл азаматтардың мәліметтері енді цифрлы форматқа ауысқан

Фото: Ақорда

Қазақстанда әскери есеп қолмен жазылып келген. Сол кезде базада 16-60 жас аралығындағынебары  2,5 млн адамның ғана мәліметі бар болған. Ал, бұл жұмыс цифрлы форматқа ауысқан соң, олардың саны 6,8 млн адамға жеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл мәліметті бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов айтып берді.

Айта кетейік, Тоқаев бүгін Үштөбе қаласындағы Қаратал ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөліміне барды. 1983 жылдан бері қолданыста жүрген ғимарат биыл күрделі жөндеуден өткен.

Ақорда хабарлағандай, қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Smart-әскери комиссариат жобасы туралы айтып берген. Осыған сай, енді азаматтар автоматты түрде әскери есепке алынады.

«Министрдің айтуынша, жыл сайын 17 жастағы 160 мыңнан аса жасөспірім автоматты түрде әскери есепке алынады. Сондай-ақ министрлік жұмылдыру ресурстарының ақпараттық жүйесін құрған. Цифрлық трансформация Қазақстандағы 16 мен 60 жас аралығындағы барлық ер азаматты қамтиды. Бұл жұмыс қағаз нұсқада жүргізілген кезде есепте 2,5 миллион азамат болған. Ал цифрлық форматқа көшкеннен кейін олардың саны 6,8 миллионға жеткен», - деп хабарлады Ақорда.