Ресми мәлімдеме
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі екі ел шекарасында қалып қойған Қырғызстан азаматтарының өтуіне жол ашады, деп хабарлайды Аzattyq ruhy.
17 мамырда Қырғыз Республикасының Елшілігі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне Қырғыз Республикасының азаматтарын Ресей Федерациясынан әкету үшін Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік дәлізді қамтамасыз ету жөніндегі нотаны жолдады.
«Үстіміздегі жылғы 18 мамырда ҚР Үкіметі жанындағы коронавирустың таралуына жол бермеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Ресей Федерациясының Орынбор облысындағы Қырғыз Республикасының азаматтары үшін Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жолаушылар көлігін қамтамасыз ету шартымен байланыссыз транзиттік дәлізін беру туралы оң шешім қабылданды», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта қырғыз тарапы көлікті қамтамасыз ету мәселелерін пысықтауда. Сыртқы істер министрлігі қырғыз тарапына жан-жақты қолдау көрсетеді.
Еске салайық, шекарада қалып қойған Қырғызстан азаматтары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған еді.