Бұл аудан 2024 жылдың шілдесінде пайда болған
Бұрын Астананың Алматы ауданын басқарған Мақсат Саматұлы енді қаладағы жаңа аудан – Сарайшық ауданына әкім болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі бүгін елорда аудандарындағы ауыс-түйістерді жария етті. Дереккөзге сүйенсек, бұрын Алматы ауданын басқарған 39 жастағы Мақсат Саматұлы енді қаланың Сарайшық ауданына әкім болады.
«Мақсат Саматұлы 2022 жылдың тамыз айынан бастап Алматы ауданының әкімі лауазымында жұмыс істеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Сарайшық ауданы әкіміне аудан мен тұрғын алаптарды дамыту бойынша бірқатар міндет жүктелді», - деп хабарлаған Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ал, Мақсат Саматұлының орнына Алматы ауданының әкімі болып 39 жастағы Рустам Тәуекелов келген. Ол осыған дейін «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС басшысы қызметін атқарған.