ДДСҰ қазақстандық ғалымдардың әзірлемесін тіркеуге алды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдар әзірлеген коронавирустық инфекцияға қарсы инактивацияланған вакцинаны тіркеді. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстандық ғалымдар өздері дайындап шыққан COVID-19 пандемиясына қарсы инактивацияланған вакцинаны клиникаға дейінгі сынауды бастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдардың әзірлемесін тіркеп, оны ресми сайтында COVID-19-ға қарсы клиникаға дейінгі зерттеулерге рұқсат етілген вакцина кандидаттарының тізіміне орналастырды», - делінген хабарламада.
Вакцинаны Қазақстан аумағында ауырғандардан бөлінген вирус штамының негізінде ҚР БҒМ Ғылым комитеті Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері әзірлегені нақты көрсетілген. Енді институт ғалымдары клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтар жүргізуі керек.
Осылайша, Қазақстан ресми түрде COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина әзірлеушілер қатарына кірді.