«Қорғаныс құралын қолдануға, бет бүркеуге рұқсат берілсін» - Сенат митинг туралы заңды Мәжіліске қайтарды

Автор: Azattyq Rýhy

Заң жобасына қатысты сенаторлар бірқатар ұсыныс жасады

Фото: ru.reuters.com

Бүгін Сенатта Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа заңын екінші рет қарап, Мәжіліске қайтарды. Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов заң жобасын екінші оқылымға дайындау кезінде енгізілген бірқатар өзгерістермен таныстырды. Нақтырақ айтқанда, жобаның 6-бабына қатысты 16 ұсыныс дайындалған. Олар бейбіт жиналысты ұйымдастырушының міндеттері, оған қатысушылардың әрекеттеріне тыйым салуға қатысты ұсыныстар. Мысалы, Сенат митингке барғандардың бетін бүркеп, қорғаныс заттарын ұстай алуы керек деп санайды.

«Заң жобасында бейбіт жиналысқа қатысушылардан өз бетін бүркемеуін, оның ішінде бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті және өзге де заттарды пайдаланбауды талап ету ұйымдастырушыға міндет етіп жүктелген. Сол сияқты бейбіт жиналысты өткізу кезінде ұйымдастырушыға бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті және өзге де заттарды пайдалануға тыйым салынған. Комитет ұйымдастырушыға міндеттеліп отырған осы нормаларды алып тастауды ұсынады. Себебі, кей жағдайда ұйымдастырушылардың денсаулығын сақтауға байланысты жеке қорғаныс құралдарын пайдалану қажеттілігі туындауы мүмкін. Мұндай жағдай болғанда, жоғарыдағы нормалар азаматтардың құқығын шектейді. Осындай негізде бейбіт жиналысқа қатысушылардың денсаулығы үшін жеке қорғаныс құралын пайдалануға мүмкіндік беретін тұсын толықтыру ұсынылып отыр», - деді депутат Еңсегенов.

Талқылау барысында митингтерді өткізетін орынды белгілеу мен қатысушылар санына қатысты да сұрақтар туындап, жиналыс жасауға бір емес үш орын беру туралы шешім қабылданған.

«Комитет астанананың, республикалық маңызы бар қалалардың, облыс орталықтары мен олардың құрамына кіретін аудандардағы арнайы орындар міндетті түрде орталықта орналасуы және олардың 3-тен кем болмауы тиіс деген тоқтамға келді. Бұл жиналыстар, митингілер, тосқауыл қоюға қатысушылардың көрінуі мен естілуі және оларды өткізу мүмкіндігін арттырады. Аталған ұсыныс Заң жобасының осы мәселені реттейтін 9-бабының 2-тармағына қосымша 2-бөлік ретінде енгізілген», - деп айтты бұл жайында сенатор. 

Сондай-ақ Заң жобасындағы бейбіт жиналысты өткізуден бас тарту негіздерін айқындайтын 14-баптың 1-тармағындағы 14 тармақшаны алып тастау ұсынылды. Сенаторлардың айтуынша, бейбіт жиналыстарды өткізу кезінде тіршілікті қамтамасыз етуге қатысты мәселелер арнайы орындарды белгілеген кезде қаралып, ескерілуі тиіс. Ал, митингке қатысушы немесе ұйымдастырушы тәртіпсіздік жасап, оны дер кезінде доғарса әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік берген жөн.

«Бейбіт жиналыстарды тоқтату негіздері мен тәртібі 18-бапта көзделген. Осы баптың 1-тармағының 3-тармақшасына сәйкес, бейбіт жиналыстарға қатысушылардың күш қолдану әрекеттерін жасауы, сондай-ақ бейбіт жиналысты ұйымдастырушының жиналысты өткізу және тәртібіне қатысты заң талаптарын бұзуы бейбіт жиналысты тоқтатуға негіз болады. Бұл қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа да адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған маңызды норма. Оның заңда орын алуы жөн. Дегенмен, қатысушы немесе қатысушылар тарапынан заңның бұзылуы жойылған жағдайда бейбіт жиналысты жалғастыруға мүмкіндік беру керек деген ойдамыз. Сондықтан, жоғарыда аталған норманы алып тастап, жаңа 4-тармақты қосуға ұсыныс дайындалды», - деді Еңсегенов Сенат отырысында.

Жалпы, Мәжіліс заңды қарау кезінде Сенат тарапынан 30-ға жуық ұсыныс жолданып, оның жартысына жуығы қабылданған.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» туралы жаңа заңның негізгі 7 ережесі туралы жариялағанбыз.  

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан