Вице-министр Қазақстанның экономикасына шаң жуытпады
Парламент сенатының кулуарында журналистер ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасеновтен атом электр стансасының құрылысына қажет қаражатты еліміз қайдан алатынын сұраған. Шенеунік нақты сұраққа нақты жауап берудің орнына отанына деген махаббатын жеткізіп, экономиканы мақтай жөнелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мен өзі дәл осы елде дүниеге келгенімен ризамын. Біздің еліміз тамаша, экономикамыз керемет. Мен басқа елдерде болғанда, осыған сан мәрте көз жеткіздім. Сондықтан тұтастай алғанда экономикамыздың жағдайы өте жақсы. Экономикамызда құлдырау бар деп айту қисынсыз. Экономикамыз мықты, ірілігі жағынан ТМД-да екінші орындамыз. Жоғары қарқынмен дамып жатыр. Келешекте бұдан да жақсы болады», - деп бастады жауабын Қасенов.
Вице-министр бюджет тапшылығы бар екенін мойындады. Бірақ, оның айтуынша, тапшылық кез келген елде болады.
«Менің айтайын дегенім, бюджет тапшылығы экономикада проблема бар екенін білдірмейді. Бюджет тапшылығы кез келген мемлекетте болады. Сондықтан елдің экономикалық күші мен бюджет тапшылығының болуы бір-бірімен байланыспайтын ұғымдар», - дейді ол.
Қасенов Қазақстанның мемлекеттік борышы басқа елдермен салыстырғанда аз екенін атап өтті.