Көлік министрі Қарабаев өзінің сотқа түсетінін брифинг кезінде білді (ВИДЕО)
Оны журналист Ботагөз Омарова сотқа бермек
Бүгін үкімет отырысынан кейін брифинг өткізген шенеуніктер арасында көлік министрі Марат Қарабаев ыңғайсыз жағдайға тап болды: оған сұрақ қойған журналист Ботагөз Омарова министрді сотқа беретінін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, үкіметтің сейсенбі сайынғы отырысынан кейін премьер-министрдің орынбасарлары мен бірнеше министр кезек-кезек брифинг өткізеді. Әр журналист екі сұрақтан қойып, үкімет отырысының күн тәртібі аясындағы және одан тыс сауалдарына жауап сұрайды.
Бүгінгі брифингте журналист Ботагөз Омарова көлік министрінен алдымен «Сіз өміріңізде журналистермен соттасып көрдіңіз бе?» деп сұрап алды.
-Жоқ, - деп жауап берді Қарабаев.
«Онда, мен сізді сотқа беретін тарихтағы алғашқы журналист болатын шығармын. Өйткені, сіз Қарағандыда 500 жұмыс орны ашылатын зауыт салынады деген құжатқа қол қойдыңыз. Бірақ, сіз Қарағанды облысының халқын алдап соқтыңыз. Зауыт салынған жоқ. Заңды бұза отырып, жер қойнауын пайдалануға лицензия бердіңіз. Қазір зауыт салынбаса да жер қойнауы игеріліп жатыр. Бұны білесіз бе? Жалпы, сотқа келесіз бе?», - деді Ботагөз Омарова.
Журналистің айтуынша, Қарабаев бұндай құжатқа вице-министр немесе комитет төрағасы кезінде, 2020 жылы 4 ақпанда қол қойған. Оның айтып отырған зауыты – «Ақтас көмір» кәсіпорны. Ол жылына 120 мың тонна өнім өндіретін зауыт болуы керек еді.
Бірақ, Ботагөз Омарованың пікірінше, Жер қойнауын пайдалану туралы кодекске сәйкес, қандай да бір компания зауыт салғаннан кейін ғана жер қазуға лицензия ала алады. Бірақ, Қарабаев журналист қателісіп тұрғанын айтты.
«Сұрағыңызға рақмет. Сіз бұл сұрақты маған осымен үшінші рет қойып отырсыз. Сұрағыңызды екінші рет қойғанда, есімде, сізге бәрін түсіндірген едім. Қазақстанда жер қойнауын пайдалану үшін лицензия берудің өз тәртібі бар. Яғни, қандай да бір компания сол жерді қазу үшін лицензия алады және оның мерзімі болады. Мысалы, алты жылға алса, алты жылдың ішінде ол міндеттемелерін толық орындау керек. Егер орындамаса мемлекет оның лицензиясын қайтарып алады. Сіз айтып тұрғандай, лицензия салынып біткен нысанға емес, болашақта салынатын нысанға да беріледі. Яғни, дәл осы зауытқа қатысты заң бұзылып отырған жоқ», - деді Қарабаев.