Жалпы, коалиция байқаушылары бұдан басқа тағы бірнеше заң бұзу фактісін тіркеген
«Дауыс» коалициясы кеше, 6 қазан күні өткен референдумда 9500-ге жуық учаскеде жұмыс істеген. Бұл туралы коалицияның төрағасы Төлеген Күнәділов коалицияның ресми парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының» төрағасы Төлеген Күнәділовтің айтуынша, олардың бақылау желісіне 181 үкіметтік емес ұйым кірген.
«Коалицияның байқаушылары 6 қазанда еліміздегі барлық ашық дауыс беру учаскелерінде дауыс беру барысын бақылауға қатысты. Барлығы тоғыз жарым мыңға жуық учаскіні қамтыдық. Біздің бақылау желісі 181 үкіметтік емес ұйым мен кәсіподақтарды қамтыды. Біз дауыс беру учаскелері ашылған сәттен бастап дауыс беру хаттамаларына қол қойылғанға дейін күні бойына сол жерлерде бақылаушылардың болуын қамтамасыз еттік. Коалицияның аймақтық деңгейдегі барлық штабтарында ситуациялық орталықтар күні бойы жұмыс істеді. Олар нақты уақыт режимінде учаскілерден ақпарат алып отырды. Яғни, бізде дауыс беру үдерісінің толық және сенімді көрінісі бар. Учаскілерден келген байқаушыларымыздың есептерін талдау арқылы, жалпы алғанда, Орталық бақылау комиссиясы жариялаған деңгейде азаматтардың жоғары белсенділігі мен сайлауға қатысуын растайды. Сондай-ақ, учаскелік комиссиялардың жұмысына мониторинг жүргізу барысында өрескел заң бұзушылықтар анықталмағанын айтқымыз келеді», - деп жазды Төлеген Күнәділов.
Коалиция өкілдері комиссиялардың жұмысына, сайлаушылардың жүріс-тұрысына, дауыс беру учаскелеріндегі бақылаушылардың іс-әрекеттеріне қатысты ескертулер болғанын айтады.
«Бірақ жалпы алғанда, учаскілерде дауыс беру нәтижелеріне күмән тудыратын заң бұзушылықтар анықталған жоқ деп айта аламыз», - дейді ол.
Ал, олардың анықтаған заң бұзу фактілері мыналар:
«Сонымен қатар, бірқатар жағдайда дауыс беру тәртібін бұзу және байқаушылар мен сайлаушылар тарапынан комиссиялардың жұмысына араласу орын алған. Сонымен қатар, адамдар дауыс беру кабиналарындағы сайлаушыларды видеоға түсіріп, дауыс беруге қатысушылардың тізімдерін суретке түсіруге тырысты. Осы фактілердің барлығына қатысты біздің өкілдер белгіленген тәртіп бойынша әрекет етіп, референдум комиссияларының төрағаларының атына арыздар жолдады. Жалпы, біз 9,5 мың учаскедегі бақылаушылардың барлық сауалнамасы егжей-тегжейлі өңделгеннен кейін дайындалатын жазбаша есебімізде бақылаудың барлық нюанстары туралы толыққанды есепті жария етеміз», - деп жазған Төлеген Күнәділов.