Вице-премьер үкіметтегі брифингте төтенше жағдайлар министріне шаң жуытқан жоқ
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов көктемгі су тасқыны кезінде өзінің міндетін 100 пайыз орындап шыққанын алға тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Журналист Бозымбаевқа су тасқынының алдын алмағаны үшін кейбір әкімдер тәртіптік жазаға тартылғанын, бірақ, ТЖМ басшысына ондай жаза белгіленбегенін алға тартып, оның себебін сұрады.
«Өйткені, бұл кісінің министрлігі өз энергиясын көрсетті. Күні-түні ат салысып, жаяу жүріп, бөгеттерді аралап, кісілерді құтқарып, судан шығарып, өз құзіретіне жататын жұмысты 100 пайыз атқарды. Мен бүгін осындай баға бере аламын. Оның дәлелі – өздеріңіз білетіндей, Қасым-Жомарт Тоқаев біраз құтқарушыларды тиісті мемлекеттік наградамен марапаттады. Мен құтқарушылардың жұмысын өз көзіммен көрдім, қарапайым жігіттер, министрдің өзі, оның орынбасарлары тәулігіне 24 сағат жұмыс істеді. Өйткені өз басым сол жақта болдым. Ал, су тасқынын алдын ала болжау – министрліктің ғана құзіреті емес, ол мемлекеттің жүйесі», - деді Қанат Бозымбаев.