Харассмент күдігіне ілінген Садықовтың орнына Серік Ерубаев депутат болмақ

Автор: Azattyq Rýhy

«Ақ жол» Садықовтың орнына кім келетінін жариялады

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

«Ақ жол» партиясы харассмент және мемлекеттік сатып алу араласқаны жөнінде айыптармен мандатынан айырған депутаттың орнына кім келетінін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ақ жол» демпартиясының Ұлттық кеңесі партиялық тізім бойынша Серік Ерубаевты мәжіліс депутаты етіп сайлау туралы шешім қабылдады. Серік Ерубаев - партия төрағасының аймақтармен жұмыс жөніндегі орынбасары, VII-шақырылымдағы ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты. Атырау қалалық мәслихатының III-V шақырылымының депутаты, 2003-2012 жылдары қалалық мәслихатының хатшысы. «Atyrau Construction services ltd» ЖШС бас директоры қызметін атқарған», - деп жазды «Ақ жол» партиясының ресми сайты.

Енді тиісті құжаттар Орталық сайлау комиссиясына жолданады.

Айта кетсек, Асқар Садықов депутат мәртебесіне лайықсыз әрекет жасағаны үшін қызметінен айырылған еді. 

«Партиямыздың атына А.Садықовқа қатысты бірқатар шағымдар түсті, онда айтылған жәйттар пленумда қаралып, тиісті шешім шығарылды. Шағымдардың дені оның теріс іс-әрекеттеріне, атап айтқанда, өкілеттігін асыра пайдалану мен этикалық нормаларды бұзуына байланысты болды», - деп мәлімдеді «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев.

Ол Асқар Садықов депутат болып жүргенде парламенттегі бір әйелге сексуалды сипатта бопса жасағанын айтып, дәлел ретінде әйелдің арызы мен скриншоттарын жариялаған болатын.