БҰҰ Бас Ассамблеясы 79-шы сессиясының қарсаңында өткен
Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб пәтерінде өткен «Болашақ саммитіне» қатысты, деп хабарлайды Аzattyq Rýhy.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің бастамасымен өткен саммит қазіргі таңдағы және келешекте туындайтын мәселелердің бірлескен шешімдерін табуға бағытталған.
«Мен бұл Саммитте БҰҰ Жарғысының құндылықтарына негізделген жаһандық институттарды заңды, әділ және тиімді ету үшін терең реформаларды қарастыруға шақырдым», – деді Бас хатшы.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, саммитке БҰҰ-ға мүше елдердің мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары, сыртқы істер министрлері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
«Сапардың алғашқы күні Мұрат Нұртілеу Сербияның сыртқы істер министрі Марко Джуричпен, Албанияның сыртқы істер министрі Игли Хасанимен, Анголаның сыртқы істер министрі Тете Антониомен және Моңғолияның сыртқы істер министрі Батмунхийн Батцэцэгпен екіжақты кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары талқыланды», - деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.