Биыл прокуратура органдары шетелден 205 миллион долларға тең активтерді қайтарған
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада бас прокурор Берік Асыловты қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорда Берік Асыловтың баяндамасынан үзінді ұсына келе прокурор президентке «еліміздегі заңдылықтың сақталуы мен құқықтық тәртіптің жай-күйі, қадағалау органының басым бағыттардағы қызметі жөнінде мәлімет берді» деп жазған.
Бұдан өзге, Асылов президентке инвестициялық жобаларды қолдау туралы есеп берген.
«Ел экономикасына 8,3 триллион теңге қаржы құйған 445 инвесторға құқықтық көмек ұсындық. Мемлекеттік органдардың инвесторларға қарсы 500 шешімі бекітілген жоқ. Қабылданған шаралар инвесторлардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттыра түсуге мүмкіндік берген», - дейді Асылов өз сөзінде.
Бас прокурор сондай-ақ шетелге заңсыз кеткен активтерді Қазақстанға қалай қайтарып жатқанын айтып берген.
«Биыл прокуратура органдары жалпы құны 262 миллиард теңге, соның ішінде шетелден 205 миллион долларға бағаланған активтерді қайтарған. Активтерді басқару компаниясына кәсіпорындардағы құны 82 миллиард теңге болатын мүлік пен үлестер берілген. Жалпы сомасы 450 миллиард теңгеге тең активтерді қайтару туралы келісім мақұлданған», - деген Асылов.
Сонымен қатар бас прокурор президентке соңғы 4 жылда мемлекетке 17 миллион гектар жер қайтарылып, айналымға енгенін, бұрын 29 млн гектар жер тапшы болса, қазір оның көлемі 8 млн гектарға дейін азайғанын айтып берген.
«Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасында айқындалған «Заң және Тәртіп» бағдарын нығайту ісіне прокуратура органдарының күш-жігерін барынша жұмылдыруды, әсіресе, заңға қайшы кез келген әрекет үшін жазадан жалтаруға жол бермеуді тапсырды», - деп жазады Ақорда.