Саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев еліміздегі АЭС құрылысын бастау мәселесіне қатысты пікір білдірді
Қазіргі таңда бүкіл әлемде электр энергиясына деген тапшылық сезіліп жатыр. Оның бірден-бір себебі, дәстүрлі энергия көздеріне деген сұраныстың жыл санап артуы, сәйкесінше оның экологиялық зардабы да ұшан-теңіз. Сондықтан энергетиканың балама көздерін табу, пайдалану жаһандық трендке айналып барады. Қазақстан да сол жолмен келе жатыр десек болады. Саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев еліміздегі АЭС құрылысын бастау мәселесіне осындай пікірін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстан өз-өзін электр энергиясымен толық қамтамасыз ете алмайды. Кеңес Одағының кезінде солтүстік өңір электр энергиясын Ресейден алды, оңтүстік аймақ Өзбекстаннан, Қырғызстаннан алды. Тіпті 1990 жылдары Оңтүстік Қазақстанға электр энергиясы жетпей, тұтастай жарықсыз қалған кездері болған. Қазір осындай мәселелерді толық шешуге қадам жасалып жатыр. АЭС салу арқылы балама электр энергиясының көздерін арттыра аламыз, яғни өзімізде өндірілген энергияны пайдаланамыз. Тағы бір артықшылығы – инвестор тартып, экономикалық тұрғыда алға жылжуға көмек болады. Байқасаңыз, шетелдік инвесторлар жоба ұсынған кезде, әдетте, жергілікті жердегі электр энергиясының жеткілікті мөлшеріне назар аударады. Менің ойымша АЭС салу көршілерімізге тәуелділіктен белгілі бір деңгейде құтқарып қана қоймай, энергетика саласында тоқты көп тұтынатын инвесторлардың көбірек келуіне жағдай жасайды. Бірақ АЭС еліміздің басқа мемлекеттерге деген энергетикалық тәуелділігінен біржола құтқармайды. Біз салуды жоспарлап жатқан АЭС алдағы 10 жылда қолданысқа берілген күннің өзінде, станция жалпы тұтыну энергиясының 12 пайызын қамтиды деген ақпарат бар», - дейді сарапшы.
Энергетика министрлігінің 2023-2029 жылдарға арналған энергия тұтынудың орта мерзімді болжамында Қазақстанда электр энергиясын қолдану жылда 3 пайызға өсіп отыратыны айтылған. Жеті жылда елімізде электр энергиясын пайдалану 121,1 млрд-тан 146 млрд кВтсағ-ға дейін артпақ. Осы қарқынмен кете беретін болса, 2029 жылы энергия тапшылығы шегіне жетіп сағатына 5,5 кВт болады. Өндірістің өсуі мен электр энергиясын пайдаланудың артуы бірдей жүрмейді, яғни өндіріс көлеміне кері әсерін тигізетіні даусыз.
Саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев болашақта АЭС-тің беретін 12 пайыз электр энергиясы да еліміз үшін аз жетістік емес екенін айтады. Оның сөзінше, АЭС салу ғылыми технологиялық прогресті талап етеді, сондықтан станцияның қауіпсіздік талабы қаншалықты сақталады деген сұрақ маңыздырақ.
«Халықтың көкейіндегі негізіг сұрақ осы деп ойлаймын. Әлемдік тәжірибеде АЭС-тен энергия алудың тарихы ұзақ емес. Бұл ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қолданысқа енді және әлемде көп таралмаған, саны аз. АЭС салу үлкен ғылыми технологиялық прогресті талап етеді. Статистикалық деректерге қарайтын болсақ, технологиясы дамыған әрі электр энергиясына тәуелді елдер ғана АЭС-ті қолданады. Мысал ретінде, Франция мен Оңтүстік Кореяны атасақ болады. Франция кезінде көршілерімен шекаралық, сауда-саттық, электр энергиясына қатысты көп дауласты. Қазір бұл мемлекет АЭС энергиясын қолдануда бірден-бір көшбасшы. Ішкі энергияға қажеттіліктің 70 пайызын қаматамасыз етіп отыр. Сонымен бірге, Оңтүстік Корея технологиясы дамыған, адам саны көп, жері тар, сондықтан жасыл энергетикаға көп көңіл бөлген. Аталған елдер АЭС-ті тиімді, бейбіт мақсатта қажетіне жаратып отыр. Олардан үлгі, тәжирибе алуға болады», - деді спикер.
Саясаттанушы жасыл энергетиканың тағы бір түрі күннен, желден энергия алудың көптен бері айтылып жүргенін қосты. Дегенмен күн мен желден алынатын табиғи энергия көзі халықты 100 пайыз электр қуатымен қамтамасыз ете алмайды.
«Күн мен желден алатын электр тоғы экологияға зияны мардымсыз, бірақ тұрақты емес. Ешбір ел осы табиғи энергиямен өзін 100 пайыз қамтамасыз етіп отырған жоқ. Қазақстан жағдайында күн мен жел энергиясы қандай да бір қажеттілікті жаба алса, баламалы түрде қосымша дамыту керек», - дейді сарапшы.
Нұрболат Нышанбаев энергетика саласының тікелей ұлттық қауіпсіздік саласы екенін айта келе, алда өтетін АЭС салуға қатысты референдумның саяси стратегиялық маңызы жоғары екенін атады.
«Орталық Азияда АЭС салу бойынша референдум өткізу, менің ойымша, саяси тұрғыдан маңызды стратегиялық қадам. Мұнда халық өзі шешім қабылдайды. Қазіргі таңда АЭС-тың мәні мен мазмұны, артықшылығы мен мүмкін болатын қателері, кемшілігі туралы кеңінен әрі ашық талқылау керек. АЭС-ты салатын компанияны анықтауда қандай тәжірибеге сүйену керек? Қандай форс-мажорлардың алдын алуға болады? Егер халықтың көпшілігі референдумда АЭС салуды қолдап, шешім қабылданатын болса, қандай компания Қазақстанда АЭС салуға мүдделі және оған қандай талаптар қойылады? Міне осындай сұрақтар АЭС салуды қажет деп есептейсіз бе деген сұрақтан да маңызды», - деді саясаттанушы.