Мектеп асханасында балалар уланса, санитарлық бақылау станциясы да жауапкершілік алу керек – депутат

Автор: Azattyq Rýhy

Мәжіліс депутаттары балалардың улануына қатысты өткір мәселелерді көтерді

Фото: Istockphoto

Мәжіліс депутаттары оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді шешу бойынша үш ұсыныс көтерді. Бұл ұсыныстар «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттарының сауалында көрсетілген. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолданған сауалды «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева оқып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жазбада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мектеп оқушыларын, соның ішінде бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге арналған бағдарламасын жергілікті атқарушы билік органдары жүзеге асыру барысында елеулі олқылықтар жіберіп отырғаны атап өтілген.

«Маңғыстау облысындағы орын алған жағдайға алаңдаулымыз. Премьер-министр аталған оқиғаны өзінің бақылауына алып, мектеп асханаларында санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тексеру жұмыстарын жүргізуді міндеттеді. «AMANAT» партиясының фракция мүшелері тарапынан аталған мәселе үнемі көтеріліп келеді. Бірақ, жауапты ведомства өкілдері де жергілікті атқарушы органдар да салғырттық танытуда», делінген сауалда.

Мәжіліс депутаттары мектептегі тамақтандыру проблемасын шешу үшін үш ұсыныс берді.

«1. Қазіргі таңда санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мектеп асханаларын жүйелі түрде тексере алмай отыр. Себебі, шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланған кезеңде, асханалар ұзақ уақыт бойы тексеруден өтпеген. Қазір мараторий алынып тасталды. Осыған байланысты санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мектеп асханаларын тұрақты түрде тексеруін қамтамасыз ету қажет. Улану жағдайлары орын алған кезде СЭС жауапкершілігі де қарастырылсын.

2. Мектеп асханаларына жеткізілетін тағам өнімдерінің сапасы мен олардың жарамдылық мерзімін бақылау күшейтілуі қажет. Қолданыстағы ветеринарлық және санитарлық бақылау жүйелерінің тиімділігін арттыру мақсатында, мектеп асханаларына жеткізілетін өнімдердің қайдан алынғаны, оның ішінде ет пен сүт өнімдерінің нақты қай шаруашылықтан немесе базардан жеткізілгені туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте, азық-түлік өнімдерінің сапасы, қауіпсіздігі және сақтау мерзіміне байланысты талаптар қатаң сақталуы тиіс. Жауапты органдар мектептерге жеткізілетін барлық тағам өнімдерінің сертификатталуын және олардың сапасын жүйелі түрде тексеруді қамтамасыз етуі қажет. Осы шаралар Үкімет деңгейінде реттеліп, ветеринарлық бақылау жүйесіне қосымша талаптар енгізілуі қажет.

3. Мектеп асханаларын тамақпен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік сатып алу ережелерін жетілдіру өзекті. Қазіргі таңда бұл салада монополияға жол бермес үшін мектептерге арналған тендерлерде ашықтық пен бәсекелестікті қамтамасыз ететін талаптарды күшейту қажет. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алулар туралы ережеге мектеп асханалары үшін тамақ өнімдерін жеткізу бойынша тендерлерге қатысушыларға қойылатын талаптарды нақтылап, 1 компания қанша мектепке тендер ұтып алу мүмкіндігін шектеуге байланысты  өзгерістер енгізу қажет. Сатып алу процесінің тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін қаржылық бақылауды күшейтіп, мердігерлердің жауапкершілігін арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажет», делінген депутаттар сауалында.

Наталья Дементьева жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруін сұрады.

Еске сала кетсек, 7 қыркүйекте Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы Бесшоқы ауылының (бұрынғы Маңғыстау-5) №8 мектебінде бірінші ауысымның 1-4 сынып оқушылары мектеп асханасынан ішкен тамақтан жаппай уланған.

8 қыркүйекте 141 бала медициналық көмекке жүгінген белгілі болды. Оның ішінде 82 оқушы емханада емделіп, 43-і – үйде дәрігерлердің бақылауына алынған, ал 16 бала ауруханаға жатқызылды.

Сол күні Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова осы оқыс оқиғаға қатысты пікір білдіріп, балалардың денсаулығына қатысты жағдай министрлік бақылауына алынғанын мәлімдеді.

Осы оқиғаға қатысты денсаулық сақтау, оқу-ағарту министрлерін және Маңғыстау облысының әкімін тыңдаған Премьер-министр Олжас Бектенов  бір ай ішінде республикадағы барлық мектептердің асханаларында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізуді тапсырды.