Президенттің жұмысшы мамандықтарға ерекше назар аударуды тапсырғаны ұнады – проректор

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл жастардың жұмысшы мамандықтарға деген ынтасын оятуға сеп болмақ

Фото: Жандос Базартайдың жеке мұрағатынан алынды

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай президенттің жолдауына қатысты өз пікірін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жуырда президент Парламент палаталарының бірлескен отырысында ел халқына жылсайынғы Жолдауын жариялады. Бірлескен отырысқа Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай та қатысқан.

«Биылғы Жолдауда еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларына қатысты мәселелер қамтылды. Әсіресе, жұмысшы мамандықтарға ерекше назар аудару керектігін тапсырғаны ұнады. Осы арқылы сала мамандарының мәртебесін көтеріп, жастардың жұмысшы мамандықтарға қызығушылығын арттыруға мүмкіндік туады деп ойлаймын. Адал еңбек, адал азамат, нағыз еңбек адамдарын қолдау, бағалау, ынталандыру мәселесі өте жақсы айтылды»,- дейді проректор.

Мемлекет басшысы цифрландыру саясатына да жеке тоқталып, жасанды интеллектіні барлық салада тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.

«Бұл бағытта біздің оқу орнында алғашқы қадамдар басталып кетті. Былтыр Президенттің тікелей тапсырмасымен Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетімен бірлесіп «Жасанды интеллект және информатика» институты ашылды. Биылғы оқу жылына Ғылым және жоғары білім министрлігі 100 грант бөлінді. Енді осы бағытта жұмыстар әрі қарай жалғасын тауып, білікті кадр даярлауда еңбегіміз өз жемісін береді деп сенемін», - деді Жандос Нұртайұлы.

Проректор президенттің университеттердегі қолданбалы ғылымды дамыту, ғалымдарға қолдау көрсетуді тапсырғанына да назар аударды.

«Инновациялық саясатты күшейтіп, жүйелеуіміз үшін ғалымдардың көптеген ғылыми жобасына қолдау көрсетіп, экономиканы әртараптандыруымыз керек», - дейді ол.