Елге және жерге құрмет: еріктілер тобының жетекшісі «Таза Қазақстан» акциясы өңірге қалай әсер еткенін атап өтті

Автор: Темірхан Айжан

Ринат Ақәділ президенттің Қазақстан халқына Жолдауында елдің игілігіне қызмет ететін мәселелер көтерілгенін айтып, соның бірқатарын атап өтті

Фото: Ринат Ақәділдің жеке мұрағатынан

Жамбыл облысындағы «Qamqor» волонтерлық тобының жетекшісі Ринат Ақәділ Президенттің биылғы халқына Жолдауында қандай ерекшелік болғанын айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтің «Әділетті Қазақстан, заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауына Жамбыл облысының «Qamqor» волонтерлық тобының жетекшісі ретінде қатысып келдім. Бұл жолдау мен үшін тарихи сәт болғанын атап айтқым келеді. Осы жылғы жолдау өзге жолдаулардан ерекше болды, себебі әр өңірден жастардың және басқа да мамандық өкілдерінің қатысуына ықпал етті. 23 жасымда Ақордаға барып, зиялы қауым өкілдері мен әр өңірдің әкімдері, Мәжіліс пен Сенат депуттаттары жиналған жиынға қатсуым – ең керемет жетістіктердің бірі деп білемін», - дейді жас белсенді.

Ринат Ақәділ Президенттің Қазақстан халқына  Жолдауында елдің игілігіне қызмет ететін мәселелер көтерілгенін айтып, соның бірқатарын атап өтті.

«Президент банктер туралы жаңа заң қабылдауды тапсырды. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған, қазір бізге жаңа заң керек. Ол құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы тиіс екенін қадап айтты. АЭС құрылысы бойынша Ұлттық референдум 6-қазанда өтетінін мәлімдеді. Мемлекет басшысының сөзінше, алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Қазақстанның да экономикасы күн өткен сайын мол энергияны қажет етеді. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар, президент ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ,  елімізде өткен «Таза Қазақстан» акциясын да атап өтті. Іс-шараға бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысқан. Оның ішінде өзім де еңбек еттім. Осы маңызды жобаның арқасында өңіріміз тазаланып, айналамыздың көркі кіріп қалғаны шындық», - дейді ол.

Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы ел бойынша жүргізіліп жатқан аудымды іс-шара. Ел президенті осы акция аясында елордалық жастармен ағаш отырғызып, өскелең ұрпақты туған жерімізге құрметпен қарауға шақырған еді. Елге және жерге деген құрмет оны таза ұстау – Отан алдындағы парыз.

Президент іс-шараның тәлімдік мәніне де тоқталып, оның мемлекеттік маңызы бар іс екенін алға тартты. 

«Шын мәнінде елімізді көгалдандыру, абаттандыру үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл жалпыұлттық мәселе. Қазақ халқы артыңда мал қалғанша, тал қалсын деп текке айтпаған. Табиғатпен біте қайнасқан халқымыздың осы бір дәстүрі берекелі бастамаларға ұласуда», - деген еді мемлекет басшысы.

Президент атағандай, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет. Ол патриоттылықтың, елге деген сүйіспеншілік пен мейірімділіктің нышаны.

«Халқымыздың бойында жақсы қасиеттер өте көп. Мысалы, өзге елдер бізді қонақжай, ақкөңіл халық ретінде біледі. Дәл солай тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек. «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті», - деді президент.