Бұл туралы Әділет вице-министрі Наталья Пан мәлім етті
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне парламенттік оппозиция мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу» туралы Қазақстан Республикасы заңының жобасы қаралды.
Заң жобасын талқылау кезінде Әділет вице-министрі Наталья Пан 2019 жылы Қазақстанда неше саяси партия тіркеуден өте алмағанын және оның себебін түсіндірді.
«Уәкілетті орган ретінде Әділет министрлігі саяси партиялардың мемлекеттік тіркеуіне статистика жүргізеді. 2017-2018 жылдармен салыстырғанда, 2019 жылы саяси белсенділік артып, партия тіркеу туралы бастамалар болған. Бірақ, жеті саяси партия тіркелген жоқ. Себебі әртүрлі. Тіркелгісі келген жеті партияның бесеуінде бастамашы топтың тізімі ұсынылмаған болып шықты. Бір ұйымда ұйымдастырушы комитеттің жұмыс істеу мерзімі өтіп кеткен. Заң бойынша ұйымдастыру комитетінің қызметі алты ай. Әділет министрлігі бас тартуға мәжбүр болды. Қазір тағы бір ұйым тексеріліп жатыр, ол ұйымның мүшелері арасында шетел азаматтары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскерилер, соттар болмауы шарт. Жалпы, осы жеті саяси ұйым тіркеуден өткен жоқ», - деп түсіндірді Наталья Пан.
Осы заң жобасы бойынша баяндама жасаған «Ақ жол» партиясының төрағасы, фракция атынан Мәжілістегі депутат Азат Перуашев «заң жобасы президент Қасым-ЖомартТоқаевтың ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында парламенттік оппозиция институтын заңнамалық бекіту туралы тапсырмасын орындау мақсатында дайындалғанын» айтты.
«Мемлекет басшысының аталған тапсырмасын пайдаланып, «Ақжол» демократиялық партиясы алдын ала дайындалған парламенттік оппозиция туралы заң жобасын қазіргі жағдайдың талаптарына сәйкес қайта жаңартты. Заң жобасының мазмұнына қатысты айтар болсақ, біз өз ұсынысымызды ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы конституциялық заңына өзгерістер енгізу туралы және парламенттік оппозиция мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы екі заң жобасына бөлдік», - деп хабарлады Перуашев.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда саяси партия тіркеу үшін қажетті адам саны екі есе азаяды
Осылайша, «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі» туралы конституциялық заң деңгейінде мәжілістегі саяси партиялар ретінде «парламенттік оппозиция» ұғымы енгізіледі. Парламенттік оппозиция парламентік көпшілікке енбейді және парламенттік көпшілікке қарағанда саяси және әлеуметтік экономикалық мәселелер бойынша басқа позиция ұстанады.
Парламенттік оппозицияға мынадай құқықтық кепілдіктер беріледі:
- Мәжіліс регламентінде көзделген тәртіппен күнтізбелік жылда кемінде бір рет мемлекет пен қоғамның тыныс тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер бойынша парламенттік тыңдау өткізуге бастамашылық жасау;
- Парламенттік сессияда кемінде екі рет Үкімет сағаттарының күн тәртібін белгілеу;
- Оппозиция келіспейтін Үкіметтің заң жобаларына балама заң жобаларын енгізу
Жалпы, заң жобасы оппозициялық фракция басшылары немесе өкілдеріне парламент палаталарының бірлескен отырыстарында, мәжілістің жалпы отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдаулар мен басқа да шараларда сөз сөйлеуге кепілдік береді.
«Осы заңды қабылдау арқылы біз бүгін көптеген пікірталастарды өркениетті жолмен шешуге нақты құрал орната аламыз», - деді Перуашев.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан