«Жыл санап тұтынатын энергия артып келеді»: Астанада АЭС салу бойынша жария талқыда не айтылып жатыр

Автор: Аягөз Құрмаш

Мамандар АЭС не үшін керек екенін түсіндіріп жатыр 

Фото: Azattyq Ruhy

Қазақстанда АЭС салу мәселесін шешетін референдумға дейін жария талқылаулар өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана - АЭС салу бойынша талқылау өтіп жатқан 20-сыншы,яғни соңғы өңір болып отыр. Жария талқылау өткізуден кейін қоғамдық талқылау өтеді. Іс-шараға Қазақстанның азаматтық альянсы мұрындық болған.

Энергетика министрлігінің атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін АЭС салу қажеттілігі жөнінде айтып берді. 

«Атом электр станциясы - электр энергиясын өндіретін станция. Қазір Қазақстанда өндірілетін энергияның 70 пайызы көмірмен жұмыс істейтін станциялардан өндіріледі. Олардың тозығы жетті. Келесі 10 жылда кейбір станцияларды тоқтатуға тура келеді. Елімізде энергия тұтыну көлемі жыл санап өсіп келеді. 2035 жылға қарай арнайы жоспар әзірленді. Ол жоспар бойынша 10 жылда 26 мың қуаттылығы бар станциялар іске қосылады»,- дейді Мұрсалова. 

Оның айтуынша, елімізде жаңартылған энергия көздерін өндіру дамып келеді.

«Күн, жел электр станциялары жаңадан салынады. Су станциялары да қарастырылған. Қолданыстағы станцияларды жаңартылып жатыр. Әлемдегі экологияға байланысты саясатқа қатысты көмірмен жұмыс істейтін станцияларға қаржы тарту қиындап отыр. Сондықтан реферандумның нәтижесі болған жағдайда екі реакторлы бір атом электр станциясы салынады. Себебі атом электр станциясы жасыл экономикаға жатады»,- дейді Мұрсалова. 

Жария талқылауға атом саласының салалық сарапшылары қатысып жатыр. Жария талқылауларды өткізу барысында азаматтар өздерін қызықтыратын технологиялардың қауіпсіздігі бойынша және АЭС құрылысының әлеуметтік-экономикалық аспектілері бойынша кез келген сұрақтарын қойып жатыр. 

2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет басшысы Қазақстанда атом электр станцияларын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізуге бастамашы болған еді.

Референдум өткізу тәртібі 1995 жылғы 2 қарашадағы «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен регламенттелген.

Тегтер: