Тамызда Ұлан-Батырда әлем әйелдерінің конгресі өтеді
Шара БҰҰ аясында өтпек
Биыл тамыз айында Моңғолия елінің астанасы Ұлан-Батыр қаласында әлем әйелдерінің конгресі өтеді. Бұл туралы бүгін ШЫҰ плюс отырысында Моңғолия президенті Ухнаагийна Хурэлсухан мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«ШЫҰ плюс» форматындағы отырыста Шанхай Ынтымақтастық ұйымына бақылаушы елдердің президенттері де сөз алып жатыр. Өз сөзінде Ухнаагийна Хурэлсухан дамудың жаңа деңгейіне бет алған Моңғолия жан-жақты ынтымақтастыққа дайын екенін хабарлады.
«Жуырда Моңғолияда парламент сайлауы өтті. Қазір бізде жаңа үкіметті жасақтау процессі жүріп жатыр. Моңғолия бейбітсүйгіш және ашық мемлекет. Және тек қана екі жақты ғана емес, көп жақты ынтымақтастыққа ашық ел», - деді ол.
Орайды пайдалана отырып Ухнаагийна Хурэлсухан Моңғолияның атқарып жатқан саяси-гуманитарлық шаралары туралы айтты. Мәселен, ол атап өткендей, қазір Моңғолия миллиард ағаш егу туралы идеяны іске асырып жатыр.
«Сонымен қатар, Моңғолия биыл тамыз айында БҰҰ аясында Ұланбатырда әлем әйелдерінің конгрессін өткізеді. Оған бүкіл әлем елдерінің түрлі нәзік жандылары жиналады», - деп хабарлады ол.