Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік танытты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның Ош облысы Нооқат ауданында сел жүру салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
«Қазақстан халқының және жеке өз атымнан қаза тапқан азаматтардың отбасы мен жақын туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Қазақстан тату көршілік және өзара қолдау рухында табиғат апаты болған елді мекенге гуманитарлық көмек жіберді. Қажет болған жағдайда, бауырлас Қырғызстанға жәрдем беруге әзірміз», – деп жазылған жеделхатта.
Еске сала кетейік, Қырғызстан ТЖМ соңғы деректері бойынша, Ноокат ауданында сел салдарынан қаза тапқандар саны тоғыз адамға жетті. Олар – 2016, 2013, 2012, 2008, 2005 жылы туған жасөспірімдер, балалар және екі әйел. Қайтыс болғандардың арасында Қазақстаннан төрт бала бар, олардың денесі бүгін Өскеменге жеткізілді.