Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары журналистер сауалына жауап берді
18 маусымда Киевте журналист Айдос Садықовты өлтіруге қастандық жасау фактісі бойынша деректерді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Украинада журналиске қастандық жасаған 33 жастағы Мейрам Қаратаев пен 36 жастағы Алтай Жақанбаев екені анықталды. Екеуі де Қазақстан азаматы.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер ІІМ өкілінен «күдікті Жақанбаев тергеу органдарына өзі берілді ме?» деп сұрады.
«Иә, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Арнайы прокурорлар осы іспен айналысып отыр. Ішкі істер министрлігі қазір жедел іздестіру қызметімен айналысып жатыр», - деп жауап берді Қожаев.
Ал екінші күдікті Мейрам Қаратаевты іздестіру жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. «Жақанбаевты Украина тарапы сұраса, Қазақстан тарапы бере ме?» деген журналист сауалына спикер «заң аясында шешіледі» деп жауап берді.
Қастандық жасалған журналист Айдос Садықовты үйінің жанында әлдебіреулер атып кетті. Ол қазір ауруханада жатыр.
Мемлекет басшысы қастандықты тергеу амалдарын жіті бақылап отыр. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Айта кетерлігі, Ішкі істер министрлігі Айдос Садықовқа оқ атты деген күдіктінің Қазақстан полициясында жұмыс істемейтінін хабарлады.
«Қылмыстық Кодекс талаптарын білесіз. Тергеу мүддесіне сай ешқандай ақпарат жария етілмейді. Ол ешқашан құқық қорғау органдарында жұмыс істемеген», - деді Марат Қожаев.