«Бәрінің мәселесін қараймыз» - «Nur Otan» партиясының филиал төрағалары халықпен тікелей эфирде кездесіп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

23 сәуір күні партияның 5 облыстық филиалы онлайн кездесу ұйымдастырған

«Nur Otan» партиясының барлық облыстық филиал төрағалары төтенше жағдай кезінде жүзеге асып жатқан «Biz Birgemiz» акциясы аясындағы әлеуметтік шараларды күн сайын тікелей эфирде түсіндіріп, сауалдарға жауап беріп жатыр.

Түркістан облысындағы жергілікті сала басшылары да шақырылған онлайн-жүздесуде сұрақтардың көбі төтенше жағдай уақытындағы халыққа жасалатын көмек туралы, оның ішінде 42500 теңге көлеміндегі қаржылай жәрдем, партияның қолдауы жайлы болды.

Филиал төрағасы  Бейсенбай Тәжібаев Елбасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қорынан бөлінетін арнайы әлеуметтік санаттағы жәрдемақы тек облыс орталықтарының тұрғындарына беріліп жатқанын айтты.

«Ең көп сауал 50 мың теңге туралы болған екен. Оны тек облыс орталықтарының тұрғындарына беру туралы шешім қабылданған. Мәселен, бізде оны Түркістан қаласының жұрты алады. Ал аудан тұрғындарына демеушілер арқылы азық-түлік себеттерін жібереміз. Сонымен бірге 42500 теңгені де алып жатыр. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы төтенше жағдай кезіндегі барлық көмек түрлерімен қамтимыз», - деп түсіндірді Б.Тәжібаев.

Ол бақылаушы комиссия 50 мың теңгені кей мұқтаж емес азаматтардың да алғанын анықтағанын, оның шын жағдайы нашар отбасыларға жетуі тиіс екендігін атап өтті. Ал ешқандай көмек жетпеген жанұяларды өтініштері бойынша партия назарға алады.

Облыстық жұмыспен қамтуды реттеу және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жетекшісі Ә.Темірбаева 174 мыңнан астам адамға 3 ай бойына азық-түлік себетіне арналған 5567 теңгеден ақша аударылатынын хабарлады. Сонымен бірге тұрғындарды өңірде ашылатын 25 мыңнан астам жұмыс орындарына шақырды.

«Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Нұрлыбек Ожаев тікелей эфирде «Birgemiz» акциясы аясында құрылған «Біргеміз - Атырау» қоғамдық қорының жұмысын баяндады.

«Қордың қамқоршылар кеңесінің үш отырысы өтті. Елбасының кәсіпкерлерге тастаған үндеуінен кейін меценаттарымыз, елдің тұрмысына бей-жай қарамайтын азаматтар өз мүмкіндіктеріне қарай қаражаттарын күнделікті аударып, қолдау көрсетіп жатыр», - деп айтты Н.Олжаев.

«Birgemiz» қоры арқылы Атырау облысының 4495 тұрғыны 50 мың теңге көлеміндегі жәрдемақыны алған. Аталған қаржы жетпеген мұқтаждарға ол мамыр айында екінші толқынмен түспек.

Партияның Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ақмарал Әлназарова халықтың 200-ге жуық сұрағына жауап берді. Өңірде «Birgemiz» қорынан 7 санаттағы 6313 адамға 50 мың теңгеден жәрдемақы тағайындалған, алда тағы 7000-нан аса адам алмақ.

«Жерлестер, партия бірде-бір сауалды назардан тыс қалдырмайды. Аудан болсын, қала болсын, өз филиалдарымыз бар. Қиын сәтте қол үшін беретін азаматтар арқылы болса да, көмек жеткізеді... Ал мың 50 теңгені шын лайықтылар алып отыр ма деп күмәндансаңыз қамқоршылар кеңесінің құрамына көпбалалы аналар атынан Нұргүл Көпбергенова, ардагерлер кеңес төрағасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтік топтың мүшелері кіргенін айтқым келеді. Карантиннен кейін қорды ревизорлар тексереді. Сондықтан қор жұмысына күмән келтірмеуге болады», - деді ол.

Қызылордадағы партия филиалының жанынан ашылған қысқа мерзімдік колл-орталыққа 9000-нан астам өтініш, шағымдар түскен. Оның бәрін партия облыстағы тиісті органдарға жөнелтіп, тиісті көмек көрсетілуін бақылайды.

Кеше сонымен бірге «Nur Otan партиясының» Алматы қаласы мен Қостанай облыстық филиал басшылығы да тікелей эфирге шығып, халықтың сұрақтарына жауап берді. Барлығы үлгермеген сауалдарды арнайы жазып алып, азаматтардың мәселесін жеке-жеке қарайды.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан