Израиль әскері әуе соққысынан босқындар лагерінде 45 адам көз жұмды
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Израильдің өткен дүйсенбідегі Рафах қаласына жасаған әуе шабуылын айыптады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy DW-ге сілтеме жасай отырып.
ХАМАС-тың бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Газа секторында Рафах қаласына жақын жердегі босқындар лагеріне Израиль әскері әуе соққысын жасап, салдарынан 45 адам өлім құшты.
«Мен ондаған жазықсыз адамдардың қазасына себепкер болған Израильдің соққысын айыптаймын. Олар тек соғыстан құтқаратын пана іздеген еді. Газа секторында қауіпсіз орын қалған жоқ. Бұл сұмдықты тоқтату керек», - деп жазды БҰҰ Бас хатшысы.
ЦАХАЛ жасалған шабуылдың бейбіт тұрғындар эвакуацияланған әл-Маваси гуманитарлық ауданында болмағанын атап өтті. Израиль армиясы босқындар лагеріндегі өртке Израильдің әуе шабуылының себеп болған, болмағанын анықтау үшін тергеу жүргізбек.
Кейінгі апталарда Газа секторы мен Египеттің шекарасында орналасқан Рафах қаласы соғыс майданына айналған. Халықаралық гуманитарлық ұйымдардың мәліметінше, қаланы миллионнан астам босқын паналап отыр. 26 мамырда, кейінгі төрт айда алғаш рет ХАМАС содырлары Рафахтан Тель-Авивке және оның айналасына бірнеше зымыран соққысын жасады.