Мәжіліс әйелдер мен жастардың саяси белсенділігін арттыруды көздейтін құжатты қолдады

Автор: Azattyq Rýhy

Тоқаевтың тапсырмасы Мәжілісте қаралды

фото: Батыржан Беспаев

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасы мақұлданды.

Тиісті құжат бойынша Әділет министрі Марат Бекетаев баяндама жасады. Ол жаңа өзгерістер мен толықтырулар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында айтқан тапсырмасына сәйкес әзірленіп отырғанын жеткізді.

«Заң жобасымен партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыз квотаны қарастыру ұсынылады. Осы мақсатта, Сайлау туралы Конституциялық заңда әйелдер мен жастарға арналған квоталарды партиялық тізімге енгізу туралы талап қойылады. Қазір әлемдегі мемлекеттердің басым бөлігі әйелдер мен жастардың сайлау процесіне тең қолжетімділігіне кепілдік беру үшін қажетті шаралар қабылдап жатыр», - деді Қазақстан да осы үрдісті жалғайтынын жеткізген Бекетаев.

Әділет министрінің айтуынша, халықаралық тәжірибе аясында ұсынылып отырған жаңа нормалар әйелдерді елдің қоғамдық-саяси процестеріне белсенді тартуға мүмкіндік береді. Заң жобасының қорытындысымен таныстырған депутат Снежана Имашева да министрдің бұл пікірін құптады.

Оқи отырыңыз: «Мәжілісті балабақшаға айналдырмайық»

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «өмірлік тәжірибесі аз болса да, жастар тың идея әкеледі» деген сенімін жеткізді. Сондай-ақ Нығматулин «бұл мәселе жалпы қоғамда және жұмыс тобында көп талқыланғанын» атап өтті.

«Біріншіден, көптеген елдерде партиялық тізімде жастарға арналған квота міндетті түрде бекітілген. Екіншіден, қай кезде, қандай қоғамда болса да, жастарға деген сенім өте зор. Әрине, жастардың өмірлік тәжірибесі аздау болуы мүмкін, бірақ олардың заманға сай идеясы, ұсыныстары өте көп», - деді Нығматулин.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан